Отандық және шетелдік БАҚ алдында баспасөз мәслихатын өткізген «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов аталған орталықтың Қазақстан экономикасына не беретіні туралы сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана Халықаралық қаржы орталығы ең алдымен тікелей шетелдік инвестицияларды тартады. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан экономикасы соңғы 10-15 жылда өте жоғары қарқында дамыды. Осы аралықта 200 млрд АҚШ долларына жуық шетелден инвестиция тарттық. Ал осы инвестициялар көп жағдайда табиғи ресурстарға тартылған болатын. Бүгін бізге оңтайлы секторларға әлі де тартып жатырмыз. Сондықтан, Астана ХҚО ең алдымен шетелдік инвестицияларды тартудағы «терезе» іспеттес. Сәйкесінше экономикамыз дамып, ұлттық валютамыз тұрақты бола түседі», - деді Қайрат Келімбетов.
Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған АХҚО ұзақ мерзімдік дамуға бағытталған бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бөлігі. АХҚО-ның арнайы мәртебесі ҚР Конституциялық заңымен заңды түрде бекітілген. ТМД елдері арасында тұңғыш рет ағылшын сауда құқығы қағидаттары мен әлемдік белді қаржы орталықтарының талаптарына сәйкес (Лондон, Нью-Йорк, Гонгконг, Сингапур, Дубай және т.б) құрылған өзіндік құқықтық арнайы құзіреттік аумақ АХҚО-да құрылмақ. АХҚО базасында әлемдік мықты талаптарға сай жоғары технологиялық жаңа биржа іске қосылатын болады. АХҚО-ның негізгі стратегиялық дамуы капитал нарықтарын дамыту, активтерді басқару, жеке тұлғалардың дәулетін басқару, исламдық қаржыландыру, қаржылық технология секілді бағыттарды қамтиды.