Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті. Жиынның күн тәртібінде 6 мәселе қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосуға облыс әкімі Ж.Түймебаев, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, облыстық, аумақтық департамент, басқарма басшылары қатысты.
Сессияның жұмысын облыстық мәслихат сессиясының төрағасы Д. Әбіш жүргізіп отырды.
Бірінші кезекте халық қалаулылары облыстық маслихаттың «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу жайын талқылады. Бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов баяндама жасады.
Сондай-ақ, сессия барысында облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу мәселесі де қаралды.
Сессияда «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы мүгедектер ісі жөніндегі кеңестің дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді.
Күн тәртібінде «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы» мәселе бойынша облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Қанат Төлендиев сөз алып, марапатталатындардың есімдерін атады.
Мұнан соң баяндама жасаған облыстық мәслихаттың мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов облыстың әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан Астана даңғылын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен атауды ұсынды. Халық қалаулысының бұл ұсынысын маслихат депутаттары бірауыздан қолдады.
Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Елбасымыз биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында аталған негізгі 10 бағыт бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды.
«Елбасы Жолдауында бірінші бағыт - «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деп атап көрсетті. Бұл бағыттағы жұмысты Оңтүстік Қазақстан облысы барынша жеделдететін болады. Өңірімізде 11 индустриялды аймақтың әлеуетін барынша пайдалануды тиімді тұрғыдан жүзеге асыруымыз керек. Елбасының екінші қойып отырған міндеті «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту. Өңірімізде бұл бағытта да келелі жұмыстар қолға алынып отыр», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өңір басшысы 2018 жылы облыстық бюджет көлемі 504,6 млрд. теңгеге ұлғайып отырғанын да жеткізді. Ол сондай-ақ, биылғы жылы ауыл шаруашылығын субсидиялауға және микрокредиттеуге 6,8 млрд. теңге қарастырылып отырғанын мәлімдеді.