30 мам, 2017 сағат 15:16

Аслан Қаженов: "Аспан деген асқабақтың тұрағы"

Аслан Қаженов. Ол ешкімге ұқсамайды, ұқсағысы да келмейді. Көп адамға ұнамайды, ұнағысы да жоқ. Көбіне жақпайды, жағуға да ықылассыз. Өлеңдері тым «ашық», ашып айтады бәрін. Екіұшты ойда қаласыз. Жастар таласа оқиды. Ал, әдебиет сыншылары пікір білдіруге бейілді емес.  «Туалеттегі туынды», «Қоқыс жәшігі» секілді кітаптары жарық көрген. Жақында «2000 теңгенің кітабы» атты кезекті туындысы шықты.

Осы орайла Асланның бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Лайықты бағасы өздеріңізден, қадірлі оқырман!..

АТЫ ЖОҚ ӨЛЕҢ 12

Қиял-қызық.
Аңдып жүріп әр ізді,
Қанат байлап жібереді адамға.
Өмір бойы көргім келген Парижді,
Ал, мінекей, тұрмын «Эйфель» алдында.
И чё?

Мен бұл сәтті күткен едім соншама,
Қарапайым темір екен кестелген.
Түсінгенім: қанша күшті болса да,
Барлық арман бітеді тек «ичёмен».

Қазір оның айтып жатам қайбірін,
Ещё ескісі алмасуда жаңамен.
Алматының бітіргім келд КазГУ-ін,
Үш арман да орындалды параллелль.
И чё?

Одан кейін қалай тоқтап қаламын?
Құлшындым кеп жақсы көлік мінуге.
Ақырында сатып алдым LADA-ны,
Әрине, ол жақсы емес.
Емес шығар көлік те.
И чё?

Солай болды үйлену де, бала да,
Оған кеткен кредитті де қайтардым.
Қалғаны тек қос бөлмелі баспана,
Бірақ, оны алған соң да айтамын
И чё?

және басқа армандар да көп менде,
Әрқайсысы өз кезегін күтеді.
Ичёлаумен, ичёлаумен жүргенде
Өмір деген негізгі «и чё?» бітеді.
И всё!



ТІСШҰҚЫҒЫШ ӨСЕТІН АҒАШ

Адам-қызық.
Кереуетте жатып ап,
Қайдағыны қиялдауға ұялмас.
«Балам әнші болады» дейтіндер - ақымақ,
«Балам басшы болады» дейтіндер - қаямбас!

Өйткені, өзі түсіп соның соңынан,
Өмір бойы өткен еді армандап.
Ақырында түк те келмей қолынан
Енді «балам болады» деп жұбанад.

Ал, баланың шамасы бар не деуге?
Аманатты арқалаумен жүреді.
Ең соңында ол да келіп елуге,
Бес жастағы баласына сенеді.

Осылайша уақытпенен өтпелі
Ағып жатыр өмір деген өзендер.
Енді ұқтым,
Бұл ешқашан бітпейді,
Лузерлерден туылады лузерлер.

Сондықтан да тура қазір тоқталмай,
Табу қиын мәселенің шешімін.
Бала басын бостан-босқа қатырмай,
Арманыма өзім ғана жетемін!

Ал, ол бокстан әлем чемпионы болады.

Ескерту: қаямбас – 2034 жылы жасалатын робот

Қоқыс жәшігі

Әр үйдің сынық пен сасығы,
Әр үйдің боғы мен бөзгейі:
Әр үйдің қоқыстық жәшігі –
Әр үйдің тұрмыстық музейі.

Мысалы, боратып өсекті,
Түнімен еске ап жас шақты.
Бұл үйде әдемі кеш өтті,
Торттардың қалдығын тастапты.

Бұл деген логика орнықты,
Орнығар қоқысты елеумен.
Бұл үйде бір жанжал болыпты,
Әйнектің сынығы көп екен.

Әр түрлі тарих қой әр ұя,
Белгісі қоқыста көнерген.
Ал, бұл үй балалы жанұя,
Ойыншық сынығы көп екен.

Жадыңда тоқысаң мынаны,
Жайттарды көресің оқыс көп.
Ал, мұнда студент тұрады,
Себебі, ешқандай қоқыс жоқ.

Көршісі шеккендей күрең зар,
Әйтеуір, көңілі түсіпті.
Бұл үйде қайғырған біреу бар,
Арзандау арақты ішіпті.
А, бұл бізідің үй.

Ойларым шымшылап тентекті,
Жанарды еріксіз елетем.
Бұл үйде апельсин көп жепті,
Апельсин қабығы көп екен.

Ал, мына бір үйде көрікті,
Тұрады қылмыскер кісің де.
Бір сәби туылмай өліпті,
Тасталған мүшеқап ішінде.

Әр үйдің сынық пен сасығы,
Әр үйдің боғы мен бөзгейі:
Әр үйдің қоқыстық жәшігі –
Әр үйдің тұрмыстық музейі.

Осындай, болсаң сен аралар,
Осындай рухани мүсінде.
Қоқыстық жәшік көп қала бар,
Қоқыстық жәшіктің ішінде.

ТУАЛЕТТЕГІ ТУЫНДЫ

Жанарыммен жанап өтіп жұқалы,
Намысымның оты лезде тұтанды.
Туысымның туалеті ішінде
Жатыр екен бір ақынның кітабы.

Жатыр кітап. Бұл не деген сұмдық іс?!
Басты содан көңілімді мұңды мыс.
Бір бұрыштан бұйырылмай бір орын,
Бұл орыннан бұйырған ба бір бұрыш?

Қалай енді ашуымды тыярмын?
Қор болғанын көріп ұшқыр қиялдың.
Туалетте тұрған тұңғыш жыр көріп,
Туалете тұрып тұңғыш ұялдым.

Ұялдым да түсіп кеттім сұм күйге,
Өгей қылық өзегімді өртеуде.
Көздің жасын сүртетұғын жырлармен
Ақымақтар жамбастарын сүртуде.

Басқа, басқа, болады ма бүйтуге?
деп шыдамым өз шегіне жетуде.
Халық мұңын шаятұғын шындықты
Унитаздың суы шайып кетуде.

Кетіп жатыр, кетіп жатыр қап парақ,
Қап парақтар өмірі оның нақтырақ.
Ақын деген қатты сорлы болғанмен,
Мынау ақын сорлы екен қаттырақ.

Ол байғұстың жаны солай қуарды,
Қуартқанның айыптарын жуар кім?
Кітабы бар болғанына өкініп,
Кітабым жоқ болғанына қуандым.
(қазір енді бар ғой, өкінішке орай)

ТЕМЕКІНІҢ ТҰҚЫЛЫ

- Тұрсаңшы ертерек. Жексенбі бүгін.
- Жұма еді ғой кеше ше?
- Күн батқанда басталады бүгін дегенің.
- Ее, жұмыс көп ендеше.
- Базардан тамақ әкелу керек
- Уже әкелініп тұр деп ойла.
- Несиені уақытылы қайтару керек
- Уже қайтарылыпты деп ойла.
- Туыстар қонаққа шақырды
- Оған да уже деп барып келеміз қиналма.
- Еркектік міндетің тағы бар
- Ол - ең қиыны. Пока түк ойлама!
- Кілемнің шаңы бес елі
- Уже қағып жатыр деп ойла.
- Салонға жіберем деп едің
- Уже баланы бағып отыр деп ойла.
- Түспепті әлі доллар бағамы
- Уже оны да болғызды деп ойла.
- 8-ші нурыз жақындап қалды
- Бәрі керемет өтті. Уже 9-ы деп ойла.
- Қалайша? Ол күні жақсылап демалтам деп ең,
- Уже Бурабайдан қайтып келдік деп ойла.
- Маңдайға жазылған сорым болдың сен
- Уже құдайды сотқа бердік деп ойла.
- Жарайды, ал, ойлайын!
- О, енді кішкене ұйықтап алайын.

АЖАЛЧИК

Өлең неге басталады осылай?
Сосын неге жалғасады осылай?
Сосын неге жалғасады осылай?
Сосын неге шумақ бітед осылай?

Сосын неге болад шумақ екінші?
Неге емес бесінші не жетінші?
Бұның бәрін ойлап тапқан кім екен?
Сол құрып кетсінші!

Сөздер неге болу керек кіл текті?
Сөздер неге болмау керек біркелкі?
Ұйқас деген неге мұнда міндетті?
Неге осылай болмайды ұйқассыз?

Неге ойлар жүйеленіп тұрады?
«Аспан деген асқабақтың тұрағы».
Буын неге сақталады өлеңде?
Оны сақтамай, ойыңды еркін жеткізу үшін
барлық сөздерді жазса не болады?
(Ресми тыйым салынған жоқ қой!)

Сосын неге жалғасады осылай?
Сосын неге жалғасады осылай?
Сосын неге жалғасады осылай?
Сосын неге біту керек осылай?

Немесе осылай?



МУЛЬТФИЛЬМ

Дүкендегі әурешілік баяғы,
Саудагер тұр білмей нені сатқанын.
Ол 5 мыңды артығымен қайтарды,
Ал, мен оның артықтығын айтпадым.

Енді не болар екен?
Осы оймен түсіп жүргем үрейге,
Бір қайыршы шыға келді алдымнан.
Құдай оны жібергенін білдім де
Білмеген боп өте шықтым қасынан.

Енді не болар екен?
Жүруім-ақ керек еді жөнімен,
Арам ақша оңдырмас еш уақытта.
Жартысына бензин құйып көріп ем,
Жол апаты жолықпады бірақ та.

Енді не болар екен?
Қорықсам да қанша өзім өзімнен,
Бір бөлігін түскі асқа төледім.
Күттім сосын шыққандығын желкемнен,
Жоқ, әдеткі шығып кетті жерінен.

Енді не болар екен?
Аздау ақша қосып қалған қаржыға,
Жәрмеңкеден сатып алдым көп тәтті.
Сәйкесінше, бала мәз боп қалды да,
Ал, әйелім оған, тіптен, бақытты.

Короче, ештеңе болмайды екен.



АТЫ ЖОҚ ӨЛЕҢ 3

Ата, кейін бұл өлеңді оқырсың,
Оқыған соң, ойлан дағы өкін шын.
Жас кезіңде жеті бала тудырып,
Қартайғанда жалғыз өзің отырсың.

Жалғыз қалу, әрине, ол жаман-ды,
Ал, ұлдарың білмейді ғой қарауды.
Жеті бірдей азаматты өсіріп,
Бірақ, бір де өсірмепсің адамды.

Олар енді сені бағып күтпейді,
Олар енді саған басын бүкпейді.
Олар енді ауызыңа су құйып,
Олар енді сідігіңді төкпейді.

Бұрын өзің тәлім бермей сондай-ды,
Енді қазір шегіп жатсың зор қайғы.
Саулығыңды сұрау былай тұрсыншы,
Олар қазір сәлеміңді алмайды.

Жаратқаннан сонша бала сұрап ең,
Қалың сорды қосып берді солармен.
Енді ұлдарың тас жүректі тұлғалар,
Ал, немерең мендей ылғи блондин.

Шағың еді шатқа шомып күс кеуде,
Бақ-дәулеттен бір бөлікті тістер де.
Ажалыңды күтіп жүрсің енді сен,
Ажалыңды күтіп жүрміз біздер де.

Есіл тәлім саналарға еш қонбай,
Бір-бірімен қазір олар қасындай.
Жек көрмесе немереңіз осынша
Жек көретін жыр жаза ма осындай?!

Соны айтып көпіруде ұртымыз,
Бірақ, туған атама емес бұл сыбыс.
Қартайғанда маған солай айтыңдар,
Қартайғанда маған солай ұрсыңыз.

Ей, менің немерелерім!

Ұлт порталы