Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қайрат Қожамжаровтың өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсынысынан кейін ҚДФ бас хатшысы Асхат Жіткеев президент міндетін атқарушы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Өз кезегінде Қожамжаров отандық дзюдо қауымдастығына алғысын білдірді.
"Дзюдо федерациясының президенті өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуыма байланысты барлық қазақстандық дзюдошыларға, жаттықтырушыларға, федерация менеджерлеріне, Дзюдо деп аталатын үлкен отбасымызға шынайы алғысымды білдіремін!
Сіздермен бірге жұмыс істеген қысқа мерзім ішінде жоғары кәсібиліктің және жаттықтырушылар мен спортшылардың күш-жігерінің арқасында жоғары жетістіктерге қол жеткізілді.
Халықаралық турнирлерде 400-ден астам медаль жеңіп алынды. 2019 жылы 16 салмақ дәрежесінде әлемнің 61 елінен 462 спортшының қатысуымен ұлдар мен қыздар арасында әлем чемпионаты сәтті өтті.
2021 жылдың қорытындысымен медальдар саны бойынша Қазақстан IJF халықаралық рейтингінде 5-орынды иеленді.
2021 жылы біздің Елдос Сметов Токио-2020 XXXII жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.
Сіздерге бірлескен табыстарымыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін! Сіздерге жаңа жетістіктер мен жеңістер тілеймін!
Ұжымға одан әрі даму мен ырыс-береке тілеймін!", - делінген арнайы хабарламада.
Қайрат Қожамжаров 2018 жылдың 23 қазанынан бастап Қазақстан дзюдо федерациясының президенті қызметін атқарып келді. Федерацияның жаңа президенті арнайы Конференцияда сайланатын болады.