Үкімет басшысы, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Асқар Мамин Елбасының тапсырмасы бойынша елімізде қолға алынған әлеуметтік шаралар қалай іске асырылып жатқанын баян етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған «Nur Otan» партиясы тарихи тұрғыда қысқа мерзімнің ішінде еліміздің алдыңғы қатарлы саяси күшіне айналды. «Nur Otan» - Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырушы партия. Аса қадірлі Елбасы, сіз партияның алдына кез келген уақыт сынағына сай жедел және сапалы жауап беру міндетін қойдыңыз. Осы орайда партия әрқашанда күрделі мәселелердің оңтайлы жолын тауып, тиімді шешімдер қабылдап келеді. Біздің ортақ мақсатымыз – халқымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға, елдің экономикалық әлеуетін арттыруға, қоғамның тұрақтылығын сақтауға бағытталған партия лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамалары мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыру. Жауапкершілігі мол бұл міндеттерді партиямен тығыз қарым-қатынаста іске асырудамыз», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы өз сөзінде «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде Елбасы тапсырған «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларының қалай жүзеге асырылып жатқанын баян етті.
«Сіздің тапсырмаңыз бойынша, осы жылдың 1 сәуірінен бастап АӘК көлемі артты. 1 шілдеден бастап бала кезінен мүгедек балаларды бағу үшін мемлекеттік жәрдемақының көлемі ұлғайды. 1 маусымнан жалақысы аз бюджет қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға дейін көтерілді. Ал жергілікті атқарушы органдардағы қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға көбейді. «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, Тұрғын үй жинақ банкі арқылы аз қамтылған отбасыларға жеңілдетілген несиелеу жүйесі іске қосылды. Бұл механизм осы жылдың шілдесінде бастап іске қосылды, алдағы үш жылда бұл бағытта 50 млрд теңгеден бөлінеді«, - деді Асқар Мамин.
Айта кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.