Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраевтың туған ауылын көрсетті.
Айтыскер ақын чемпионға жанкүйер болған жерлестерін көпшілікке үлгі етті.
"Демеудің туған жері Үшарал халқының махаббатын қараңыздаршы?! "Баласы атқа шапса анасы тақымын қысады" деген осы... Бүкіл әлем көз тігіп отырған жарыста екінші болу үлкен мәртебе! Күміс құтты болсын!" – деп жазды айтыскер ақын.
Өнер иесі чемпионның туған жері мен үйін көрсетіп, үндеу жасады.
"Демеу бауырымыздың жарысын бәріміз күттік қой. Олимпиаданың күмісі бұйырған екен, құтты болсын! Үшарал халқы алаңға шығып осы жарысты тамашалаған екен... Чемпион ұлдардың ауылына жасалған жағдай бізге де жасала ма деген үміт те бар еді ғой... Осындай батыр ұлдың ауылына да асфальт төсеп, Жетісу жұрты тік тұрып қарсы алғалы жатқан шығар... Медаль құтты болсын қазақ елі", – деді суырыпсалма ақын қыз.
Еске салайық, Демеу Жадыраев Париждегі олимпиада ойындарының финалында есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. 77 келі салмақта сынға түскен балуанымыз финалда жапондық балуан Нао Кусакамен белдесіп, 5:2 есебімен ұтылып қалған еді.