Арыс қаласында жоғалған және адасып кеткен балалар жоқ. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ильиннің айтуынша, зардап шеккен 19 бала Арыс қаласынан Шымкентке жеткізілген. Бір жасқа дейінгі үш сәбиді ата-анасы түн ішінде алып кетіпті.
"Басқа елді мекендерде қалған балалар бар. Ата-анасы олардың қайда екенін біледі. Дәл қазір жоғалған балалар жоқ", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұған қоса, Ильин Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің жарылыстан зардап шеккендердің санына қатысты мәліметі неге әртүрлі екенін түсіндірді. Айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі қан қысымы көтерілген адамдарды есепке алса, Ішкі істер министрлігі жарылыс салдарынан жарақат алғандарды ғана есептейді екен.
"Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың әрқайсысы әртүрлі цифр келтіріп жатыр. Қазір бәрін бір ретке келтіру үшін төтенше жағдайлар комитетінің базасында жедел басқару орталығының жұмысы ұйымдастырылды", - деді министрдің орынбасары.
Сонымен қатар, брифинг барысында БАҚ өкілдері Арыс перзентханасындағы аналардың жағдайы туралы сұрады. Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуынша, 26 жедел жәрдем бригадасы (оның төртеуі Жамбыл облысынан қосылған) перзентхана қызметкерлері мен онда жатқан әйелдерді Шымкент қаласына көшірген.
"Қазір әйедердің жағдайы орташа, өміріне ешқандай қауіп-қатер төніп тұрған жоқ. Шымкентте барлық медициналық қызмет толығымен көрсетіліп жатыр", - деп сендірді ол.