Арыс қаласында облыс әкімінің тапсырмасымен кәсіпкерлерге арналған «Қамқор» бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
5 млн теңгеге дейін берілетін 1%-дық жеңілдетілген кепілсіз несиенің уақыты - 4 жыл.
Қазіргі таңда Арыстағы кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 25 қызметкер келіп, 17 секторға бөлініп, қызмет атқаруда. Олар 10 күн бойы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын бағалап, тиісті сомасын есептеп шығады.
Жалпы, Арыс қаласында 346 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Соның ішінде 258 нысанға жарылыс кезінде зақым келген. 253 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 нысан толықтай қайта салынады. Тиісті қаражат бөлінуде.
Кездесу барысында өздеріне қажетті кеңес алған 2 кәсіпкерге 10 млн теңге кредит берілетін болды. Сондай-ақ, кәсібін дөңгелетіп отырғандар 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтан босатылады.
Жеңілдетілген несие беру үшін жергілікті бюджеттен 200 млн теңге қаржы бөлініп отыр. «Даму» қорынан қосымша 300 млн теңге қарастырылады.