29 мау, 2019 сағат 13:58

Арыстағы әрбір отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден беріледі - Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласына келіп, халықтың тұрмыс тіршілігімен танысты. Орын алған төтенше жағдайға байланысты жиын өткізіп, қаланы қалпына келтіру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жиында Үкімет басшысы Арыстағы әрбір отбасы мүшесіне, яғни 44 781 тұрғынға 100 мың теңгеден берілетінін айтты. Үкіметтен бөлінетін қаражат бір айдың ішінде тұрғындардың қолына тиеді. Ал, әскери қару-жарақ қоймасын көшіру 2 апта ішінде басталады.

Асқар Мамин сондай-ақ, Арыстық кәсіпкерлерге 1 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілетінін жеткізді.

Бұдан бөлек, теміржолшылар қаласы алдағы екі  жылдың ішінде толық газдандырылады. Жаңадан бір аурухана салынатын болды. Қаладағы 4 мыңнан астам бала өзге өңірлерге жазғы демалысқа барады. 

Қираған ғимараттар бір айдың көлемінде  қалпына келтіріліп, жарылғыш заттар екі аптаның ішінде қауіпсіз аймаққа көшіріледі.