25 шіл, 2019 сағат 11:04

Арыста басынан жарақат алған бала ауыр халде жатыр

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыс қаласында жарақат алған 8 жасар баланың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазір Арыстағы жағдайдан кейін үш адам ауруханада жатыр. Біреуі Шымкент қаласында, енді біреуі Алматыда және бір науқас осында - Нұр-Сұлтан қаласында. Жансақтау бөлімінде жатқан науқасты ерекше бақылап отырмыз. Екі адамның беті бері қарап келеді. Ал 8 жасар баланың жағдайы өте нашар", - деді Біртанов астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, бала басынан жарақат алған. Оған барлық медициналық көмек көрсетіліп, санитарлық авиациямен астанаға жеткізілген.

"Жақында баланы мастер-класқа келген шетелдік нейрохирургтарға көрсеттік. Олар жан-жақты емдеп жатыр. Алайда көбінесе бұл дәрігерлердің қолында емес. Жарақаты ауыр, өте күрделі. Өкінішке қарай, баланың жағдайы түзеліп келе жатқан жоқ, өте нашар деуге болады. Бірақ біз барлық қажетті көмекті ұйымдастырдық", - дейді Біртанов.