Арыста 350 адам жоғалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақстанның ішкі істер министрлігі Арыс қаласында 350 адамның жоғалғаны туралы ақпараттың жалған екенін ресми түрде мәлімдейді. Бұл ақпарат оқиғаның бірінші күні тараған болатын және ол бойынша сол кезде тиісті мәлімдемелер жасалды", - деді Ораз.
Ол полицейлер мен ұлттық ұлан әскери қызметшілері Арыстың тұрғындарын эвакуациялаумен, олардың жеке куәлігін анықтау бойынша барлық тиісті іс-шара жүргізгенін атап өтті.
"Қазақстанның ішкі істер министрлігі тұрғындардан әлеуметтік желілер мен WhatsApp арқылы таралып жатқан жалған ақпараттарға сенбеуін және үрейге бой алдырмауын сұрайды", - деді министрдің кеңесшісі.
Ораз жалған ақпарат таратқандарға Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Сонымен қатар, ол ресми ақпарат тұрақты түрде арнайы құрылған жедел штаб арқылы таралатынын айтты.
Арыстағы төтенше жағдайға байланысты Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінде тәулік бойы қауырт желі жұмыс істейді.
Қажетті ақпаратты 8 7252 44 94 72 немесе 87252 35 33 66 нөмірлеріне хабарласып алуға болады.
Айта кетсек, бүгін таңертең бірқатар БАҚ-та Арыстағы жарылыстан кейін 300-ден аса адамның із-түссіз жоғалып кеткені хабарланған болатын.