Қоғам белсендісі Аружан Сайын оңтүстікқазақстандық 7 жасар баланың анасымен кездескенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Кеше біз анасымен кездестік, ол біздің көзімізше туыстарының бәріне хабарласты. Бірақ олардың телефоны сөндірулі. Кейін баланың әжесінің рахмет айтқан видеосы шықты. Бірақ әйел онда айтылған сөздерге сенбейтінін айтты", — деді Аружан Сайын Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, баланың анасы Астанаға бара жатыр немесе жетіп те қалды. Әйелдің жалғыз талабы – әділ тергеу.
"Баланың анасы - отбасының жалғыз асыраушысы. Олар, шын мәнінде, оралмандар. Өкінішке қарай, әжесі жұмысқа орналаса алмаған. Отбасында мүгедек адам бар. Әйел "менің сауатым аз, сегізінші сыныптан жұмыс істеп келе жатырмын, дәретхана, ыдыс-аяқ жудым" деп шындығын айтып отыр. Қазір ол қоғамдық тамақтану бойынша кәсіпті игеріп, жақсы маман болып, ақша тауып жүр", — деп Аружан Сайын баланың анасы туралы айтып берді.
Аружан Сайын әйелдің бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиевамен сөйлескенін-сөйлеспегенін білмейтінін атап өтті.
Ал Зағипа Балиева бүгін Астанада БАҚ өкілдеріне өткізген баспасөз мәслихатында анасымен хабарласқанын айтты.
"Олардың айтуынша, анасы Алматыда жұмыс істейді. Бала бір ай бойы анасын көрмеген. Ол анасын сағынып жүр, күнде ол туралы сұрайды. Біз бірнеше рет анасына хабарластық, Астанаға келуі үшін барлығын жасағымыз келеді, алайда әзірге бұл мүмкін болмай отыр", — деді ол.
"Өзімді таныстырып, балаға көмектескіміз келетінін, оның қасында болу үшін Астанаға келе алатынын айттым. Алайда ол "менде ақша жоқ" деді. Біз одан "билетті сатып алып береміз, тек келсеңіз болды" деп өтіндік. Одан кейін онымен хабарласа алмадық, бұл соңғы әңгімеміз болды", — деді Балиева.
Кеше ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы мектепте болған келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға шара қолданды. Атап айтсақ, ҚР заңына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке қатаң ескерту берілді. Сондай-ақ, Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметі басшысы О.Бердалы мен Сарыағаш ауданы, Абай ауылдық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Ә.Ибрагимов, ювеналды полиция бөлімшесінің №73, №74 жалпы орта мектептеріне жауапты полиция инспекторы Қ.Сәриев қызметінен босатылды.