12 қар, 2016 сағат 12:21

Артығали Ыбыраев. Бір қыз туралы баллада

Артығали өлеңдері оның өмір жолының тым қысқа болғандығына өкіндіреді. Өйткені оның шығармашылық мүмкіндігі мол еді, табиғи таланты мен дарыны тұрғыластарын қайран қалдырып, аға буын әдебиет өкілдерін көп үміттендіретін...

Оқырман қауым Артығалидың өлеңдерін тебіреніссіз, селқос қабылдай алмайды. Бұл шығармалардың әрқайсысы – біздің көз алдымызда мәңгі жас қалпында қалған Артығалидың албырт көңілін, балауса болса да, байыптылық пен байсалдылық байқалатын нағыз ақындық дара тұлғасын, болмыс-бітімін, арманы мен аңсарын аңғартатын дүниелер.

- Байбота Серікбаев

***

"Көздері бір нүктеде тұрмайтын еді. Бойында бөріге тән қасиет басым болатын. Жойқын қуаттың иесі еді."

- Ұлықбек Есдәулет

***

Артығали – жұмбақ ғұмыр кешкен тағдыр иесі. Ол небәрі жиырма бір жыл өмір сүрді. Бұл уақыт Артығали үшін жеткілікті еді.

Артығали он бесінде-ақ сол кездегі қазақ әдебиетінің бүгінгі марғасқаларына айналған Мұқағали, Төлеген сияқты алыптарынан дүниені түйсіну, оған көркемдік тұрғыдан баға беру, тіпті, ақындық болмыс жағынан да ілгері тұрғанын айтуға тиіспіз. Ол өз отына өртеніп кетті. «Жүрегін шың-құзға емес, жұлдызға соғып жарған қаршыға» еді. Өзі солай жазған...

Расында да шын ақындар табыт түгілі, уақытқа сыймайтынын ол жақсы түсінген. Ол өзімен бірге көп нәрсені о дүниеге ала кеткен сияқты. Ол көбіміздің әлі түйсіне қоймаған жұмбақтарымыздың шешіміне нүкте қойды.

- Маралтай Райымбек

 


СӘУІР

Сәуірде жаңбыр жауады оңай,
Дәуірге майса ауады маңай.
Өрісі көкте көгенсіз еді,
Қара жер бұлтты сауады қалай?
 
Көкжиек  –  көйлек сөгіліп оқтын,
Сыбыры шықты шөбі ірі оттың.
Ебіл де дебіл еріксіз шақта
Менің де келді төгіліп өткім.
 
Ауаның лебі ауыса берген,
Даланың иісі қауыша желмен.
Бозторғай жерден пыр етіп ұшса,
Жусанның иісі жарыса ерген.
 
Жазықта бұғып жатыр үн күшті,
Жазықсыз қинап осы бір тұсты.
Ашуын бассын дегені ме екен,
Ақырғы тамшы ақырын түсті.
 

ТАМШЫЛАР

Көкейінде жүз үміт,
Мың үміті бар шығар?
Көк төсінен үзіліп,
Түсіп жатыр тамшылар.
 
Кіп-кішкентай өздері,
Кішкентайдың қасында.
Көрінетін көздерден,
Қуаныштың жасындай.
 
Бәрі мөлдір пішінде,
Арғысы да бергісі.
Дірілдейді ішінде,
Тіршіліктің белгісі.

Әсем еді, ой, неткен,
Көңіл кірін шаяды.
Бетін тосып бойжеткен,
Алақанын жаяды.
 
Күткен дала сағынып,
Сағынышқа бөленіп,
Көкірегі жарылып,
Бара жатыр көгеріп.
 
Көкейінде жүз үміт,
Мың үміті бар шығар?
Көк төсінен үзіліп,
Түсіп жатыр тамшьшар.
 
Қарап тұрмын үңіле,
Күлімдейді жаз алдан.
О, армысың, Дүние
Тамшылармен тазарған!...
 

ӨМІР

Әр нәрсеге құлақ түріп,
Әр нәрсені біл, түсін.
Кейбіреулер жылап тұрып,
Жасырады күлкісін.
 
Бұл өмірдің тұнық  сырын
Біліп болар қай кісі?!
Кейбіреулер күліп тұрып,
Жасырады қайғысын.
 

ӨМІР ЗАҢЫ

“Білеміз, – деп айтқанымен, – барлығын”,
Аз ұғамыз бұл өмірдің дәлдігін.
Он алтының бір келерін білгенмен
Кім біліпті кеп қаларын дәл бүгін.
 
Балалықтың бал мінезі күрт тынып,
Арамызда қалғандар бар мұрт шығып.
Бала ғой деп елемесе шешелер,
Азамат деп сенеді енді жұртшылық.
 
Азаматтың алтындай ғой ертеңі,
Көңіл шіркін бара жатыр өртеніп.
Балалықты тастау керек, әйтсе де,
Қалды деме ел алдында еркелік.
 
Еркелікке жоқ ешкімнің таласы,
Еркелетпей тұра ма ана баласын?!
Азаматы бола білсең еліңнің,
Сәбиі боп еркелей де аласың.
 

КҮТУ

Екі соқпақ өрілетін өріске,
Екі басқа, екі жаққа  –  бірге емес.
Ақ шағылға аунап өскен балалық,
Бүрін ашты бір үміттен нәр алып.
Секем алған көңіліміз сезікті,
Бірте-бірте ұғысуға жарадық.
 
Мендегі өмір,
Биік өрден қараса,
Сендегіден болар, бәлкім, аласа.
Бала көңіл саған қарай бұлқынса,
Үлкендігің сұраушы еді араша.
 
Шыңырауымнан шықпай қалса дүрбелең,
Кішіліктің кесірі деп білген ем.
Сен тұрмысқа шыққан күні өрістен,
Қозы-лақты қайыра алмай жүрген ем.
Айдалада алған едім жылап та,
Сонда сені теңеген ем лаққа.
Қайырым бермей кеткеніңді кешірдім,
Өрісіңе соқпай жүрсің бірақ та...
Сіздің ауыл, біздің ауыл - іргелес,
Қол созымда көрінетін қыр-белес.

 
БІР ҚЫЗ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Бір қыз еді бар дүниенің жылуы,
Бір қыз еді сұлулардың сұлуы.
Нәзік еді жаны таңғы ағындай,
Өсек сөзге өскен еді бағынбай.
 
Жасы бар-ды меніменен шамалас,
Өткір еді көздері отпен аралас.
Қызыл ерін қымыздан да тәттірек,
Ақ иықтан басталатын ақ білек.
 
Кірпігіне қызығушы ем мұнша мен,
Көңілдерді қытықтайтын қыпша бел.
Қарлығаштың қанатындай қасымен,
Қара ормандай қою өскен шашымен,
Қыз емес-тін,
Еді елге ертегі...
Белгісіз-тін не болары ертеңі.
 
Міне, осындай, міне, осындай май гүлі
Іздеп жүріп тапты ақыры қайғыны.
Бұл қайғыны түсініңіз, ұғыңыз:
Мылқау болды, тілсіз қалды сұлу қыз.
Күндер өтті күрсінумен, жылаумен,
Күндер өтті жалынышпен, сұраумен.
Күндер өтті, арман бірақ жетпейді,
Қайғы барда уақыт та тез өтпейді.
Бұл қайғыны түсініңіз, ұғыңыз:
Мылқау болды, тілсіз қалды сұлу қыз.
 
Күндер өтті, өте берді үміттер,
Күндер өтті, ұмытты оны жігіттер.
Күндер өтті, күндер оны алдап жүр,
Ата-анасы бермек болды шалға бір.
Қыз түсінді қалатынын құрсауда,
Өзіне оңай соқпайтынын бұл сауда.
 
Анасына келіп бір күн ым қылды,
Айтар сөзін айта алмады, қылғынды.
Кенет, кенет...
“Сүймеймін!” –  деп шыңғырды.
“Сүймеймін!” –  деп күнге қарай жүгірді,
“Сүймеймін!” – деп шаршап-талып құлады,
“Сүймеймін!” – деп жер жастанып жылады.
“Сүймеймін!” –  деп жан  ұшырып тұншықты,
Мылқау қызға кенет өстіп тіл шықты...

 
                 СОҚПАҚ СОҢЫ

Күн нұрын қоймалжың бұлт ала қашып,
Жел есті жусан исі араласып.
Жол үсті қара ноқат  –  мен келемін,
Қарысқан тыныштықпен жағаласып.
 
Себепсіз қалқып көшкен сағымды әрі
Көтерді қоңыр кештің ағындары.
Байсалды момын өңір баптанады,
Бір сынап көретіндей бағыңды әлі.
 
Сынасып сабыр  –  меже, күле жетем,
Тақалды таусылуға, міне, мекен,
...Сірә, мен аспан жаққа шығамын-ау,
Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен!
 

ҰНАТУ

Он бестің үйірінде,
Өзгерді сылқым денең.
Білінді бүйіріңде,
Бір арман бүлкілдеген.

Бұл сенің өмірге енді,
Бұлқына бастағаның.
Тым ерте мөлдіреді,
Қос қара тостағаның.
 
Әркім-ақ қиялдады,
Көп айтып “Тәңір-тауын”.
Көйлекке сыя алмады,
Оянған омырауың.
 
Біртіндеп бақты сезді,
Мендегі асқақ әлем.
Қыз деген жақсы сөзді,
Ұната бастаған ем.
 
Қосарланып қаққаныңда,
Қанатың еркін түсіп.
Қанағат таппадың ба,
Қасымнан кеттің ұшып.
 
Басқа жол бастауына,
Қайысып, көнбеді екпін.
Сен қонған жақсы ауылға,
Көп ұшып мен де жеттім.
 
Өткіздік күнді өрлеген,
Еңіске сырып бәрін.
Қалайша өзгермеген,
Қыз күнгі қылықтарың?!
 
Көз деген күлімдейді,
Ләззатын тапты ма ерін?
Топ сәуле дірілдейді,
Жарқ етсе ақ білегің.
 
Қасың да қияқтанып,
Шашың да мүлдем бөтен.
Шіркін-ай, қыпша белге
Қол тимей жүрген екен.
 
Қыз едің кіл атарым,
Көңілің неден безді?
Қазір мен ұнатамын,
Келіншек деген сөзді...

 
ҰМЫТПА

Сен арғымақ,
Жүйріктейсің,
Шабытпен алыс кез енді.
Ұмытпа, бірақ,
Жақынға шапқан кезеңді...
 
Сен күн санап
Биіктейсің,
Биіктеу саған тез енді.
Ұмытпа, бірақ,
Төменде жүрген кезеңді...

 
АҚАН СЕРІГЕ

Мен шаршаймын,
Шер кетпес зарлағанда.
Серіліктің сарқыты қалмаған ба?
Құйындатып, Құдай-ау, кетер ем ғой
Құлагерді өлтіріп алмағанда!
Мен аңсаймын,
Арманды наз ұлғайтып,
Сендік өмір келсе ғой азы қайтып,
Бозбалалық барады бізден де өтіп,
Бұрымы жоқ қыздарға базына айтып.
 
Мен ойлаймын,
Күйімді дара толғай,
Қасыма қойғаннан соң қара толмай,
Қайтейін, қонбай кеткен Қараторғай!
 
Жоқ мұңымды
Не керек жақындатып,
Ақан деген еді ғой атың бақыт.
Өзің жаққан бір оттың ұшқыны едім,
Лағыл жырды өтейін лапылдатып.
 

ҚАРШЫҒА

Шүйкімдей дене шүмектей терге малшына,
Шулы өзеннің үстінен өтті шаншыла.
Қара жер шетін таба алмай талып келеді,
Қара жер бетін көрместей болған қаршыға.
 
Қанатын құстар қақпайды әсте бекерге,
Аңсары құштар ауды ғой басқа мекенге.
Дегбірін алды көк аспан тұтас қалпымен
Дөңгелек дүние шетсіз де шексіз екен де.
 
Таулардан өтті, шыңдарын биік табалап,
Баулардан кетті қарағай бойын жағалап.
Қара жер жатыр қалпынан жазбай, қасарып,
Құлай ма соған қанатын босқа сабалап!..
 
Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады,
Жүрегін, мүмкін, жұлдызға соғып жарады.
Арманы үшін азапқа түскен осы құс
Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады.


                                                           Ақын

Көремін сені түсімде, 
Орының әсте бөлек қой. 
Екеуміз жырлау үшін де, 
Көңілге жағдай керек қой. 

Қой емес, 
Көңіл- күй бағам, 
Мінберім жақын дөңес- ті. 
Ұғымына жұрттың сыймаған, 
Екеуміз ғана емеспіз. 

Өмірдің өзі жетпейді, 
Олжаға оңай құныққан. 
Қызуымен күннің көктейді, 
Дүние біздің иықта. 

Қамықпа, досым, қамықпа, 
Көктеме күнін сыйлайды. 
Адамдар сияр табытқа, 
Ақындар бірақ сыймайды.

Орамал

Ақ ниеттің әнін айтып жырларым,
Тыңдап бәрін мен қасында тұрғамын. 
Қарай-қарай мен артыма кеткенде
Қара түнде ақ орамал бұлғадың.

Онда ештеме жоқ та шығар айтулы, 
Ойлама сен саған қарай қайтуды. 
Көңілімдей көк аспаннан үзілмей, 
Ақ орамал сияқтанып Ай туды.

Сенде, шіркін, мейірім қандай көп еді, 
Сезбесең де қандай сиқыр бөгеді… 
Айға айналған орамалың әлі де 
Саған арнап ақ сәулесін төгеді.

Алтын табақ төбемнен күй толғаса, 
Өзгердім ғой өткеніме жалғаса. 
Әсем өмір көрінеді ажарсыз, 
Аналардың әлпештеуі болмаса.


 


Ұлт порталы