13 там, 2021 сағат 19:00

Артаев бокстан құрама команданың қалай өзгеретінін айтты


Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев Олимпиададан кейін команданың қалай өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ұлттық құрамадан ешкім кеткен жоқ. Бірақ Олимпиадаға барған құрама 80 пайызға өзгереді. Өйткені резерв бар, өсіп келе жатқан жастар бар. Бізде кәсіпқой бокста жүрген жігіттер де бар. Бәрімен келіссөздер жүргізілді. Кәсіпқой бокста жүрген жігіттердің бәрі келуге дайын", - деді Артаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, осы спортшылардың барлығы келсе, 70-80 процентке жаңарған команда биыл бокстан әлем чемпионатына барады.

"Ендігі мәселе уақыт еншісінде, олардың қайсысы оқу-жаттығу жиындарына бірінші болып келуіне байланысты. Егер барлығы келетін болса, онда ұлттық құрам 70-80 пайызға ауысады. Осы орайда әлем біріншілігіне басқа құраммен барамыз.

Сондай-ақ, биылдан бастап AIBA ережесіне сәйкес, жігіттер 13 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетеді. Ал қыздарымыз 12 салмақ дәрежесінде бокстаса алады. Әлем біріншілігіне нағыз мықтыларды апарамыз. Сол кезде басқа боксты көресіздер. Алла жазса, Олимпиаданың қателігін де сол жерде өзгертеміз", - деп атап өтті Артаев.

Айта кетейік, 2021 жылғы бокстан Әлем чемпионаты Сербияда өтеді. 2019 жылғы чемпионатта Бекзад Нұрдәулетов (81 келі) алтын жүлдеге ие болса, Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) күміс медальді жеңіп алды. Тағы төрт боксшымыз қоланы қанағат тұтты.

Ал Токио Олимпиадасында Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қана жартылай финалға жеткен. Екеуі де қола жүлдегер атанды.