Фото: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігі бұқаралық ақпарат құралдарынан келіп түскен сұрауларға жауап ретінде «Qarmet» компаниясының құқықтық мирасқоры болып табылатын «АрселорМитталТеміртау» АҚ мүлкін жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған іс аясында «АлбаСтройДор» ЖШС директоры С.Г. Кимге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Анықталғандай, 2015 жылы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «АлбаСтройДор» ЖШС арасында домна шлагын қайта өңдеу туралы келісімшарт жасалған. Бұл келісімде қайта өңдеу қалдықтарына билік ету құқығы қарастырылмаған.
Алайда С.Г. Ким өндірістік нысандарға еркін қолжетімділігін пайдаланып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды жүйелі түрде жымқыру схемасын ұйымдастырған. Ұрланған мүлікті кедергісіз шығару үшін қылмыстық схемаға өзара байланысты күзет ұйымы — «Күзет» ЖШС тартылған. Компания қызметкерлері автокөліктердің іс жүзінде бақылаусыз өтуіне жағдай жасаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, ұрланған өнім С.Г. Кимнің бақылауындағы «ГлобалСпецТорг» ЖШС және «ЦентрОптСнаб» ЖШС арқылы заңдастырылған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан жалпы құны 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім жымқырылған.
Қазіргі таңда күдікті С.Г. Ким екі ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
