Фото: primeminister.kz
Қазақстан Үкіметі "АрселорМиттал Теміртау" АҚ активіне шетелдік инвесторды тартпайды. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Үкімет меншік құқығы Қазақстан пайдасына өткеннен кейін ешқандай шетелдік инвесторды қарастырмайды. Кәсіпорындағы қазіргі шарттар, еңбекақы төлеу, қызметкерлердің саны – барлығы өзгеріссіз қалады", - деп сендірді Шарлапаев Үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, компанияға бюджет қаражаты жұмсалмайды.
Сондай-ақ министр кәсіпорын Қазақстан пайдасына өткеннен кейін компания атауы өзгеретінін айтты.
"Қазақстандық кәсіпорынның акционерлері құрамынан "Арселордың" шығуына байланысты біз "Арселор" атауын пайдалана алмаймыз. Әзірге жаңа атауы қандай болатынын ақылдасқан жоқпыз. Бірақ ең маңыздысы – комбинат қызметкерлерінің пікірін ескеру деп ойлаймын", - деді Шарлапаев.
Еске салсақ, Костенко атындағы шахтадағы апаттан кейін Президент "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Осыдан кейін Үкімет компанияны Қазақстан пайдасына беру туралы мәмілеге қол жеткізілгенін хабарлады.