«АрселорМиттал Теміртау» АҚ ел Президентінің жалақыны өсіру бастамасын қолдаған ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының бірі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап компания жұмыскерлерінің тарифтері мен айлығы 8-10 пайыз өседі. Бұдан басқа, ұжымдық келісімшартқа сәйкес, компания жұмыскерлерінің жалақысы 2018 жылғы инфляция деңгейінен 50 пайыз индекстеледі.
«Өздеріңіз білесіздер, біздің Президентіміз 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл Қазақстан бойынша ең төменгі жалақы мөлшерін өсіру туралы айтқан. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың металлург болғанын, еңбек жолын біздің комбинатта бастағанын мақтан етеміз. Біз Мемлекет басшысының ең төменгі жалақы мөлшерін өсіру бастамасын қолдаған алғашқылардың біріміз. Бұл шешімді ұжым болып қабылдадық», - деп мәлімдеді «АрселорМиттал ТМД» Бас директоры Парамжит Калон.
Жалақыны өсіру «АрселорМиттал Теміртаудың» барлық құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ еншілес компанияларына тиесілі.
Бұдан басқа, 2019 жылдың бірінші маусымында компания өндірістік нәтижелерге қарап 13-ші жалақыны төлеуге уәде беріп отыр.
Парамжит Калон «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа ең төменгі жалақы мөлшері салалық коэффициентті есепке алғанда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүргендер үшін 77 мың теңгеден асатынын нақтылады.