Фото: REUTERS/Francois Lenoir - RTSHKKE
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында «АрселлорМиттал Теміртау» активтерін қайтару келісімі бірнеше көзден қаржыландырылатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Бұл жағдайда келісімді бюджеттік немесе квазимемлекеттік сектордың қатысы болмайтындай етіп құрылымдаймыз. Яғни, осы келісімді ұйымдастыруға қаржы тартамыз», - деді ол БАҚ өкілінің сұрағына берген жауабында.
Айтуынша, келісімді ұйымдастырушы компания бекітілген.
«Келісімнің тараптары – Қазақстан Республикасы мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы. Қазақстан тікелей келісімнің бір тарапы бола алмайды. Қандай да бір заңды тұлға болуы керек. Оны белгіледік. Қазір заңнамалық жағын пысықтап жатырмыз. Ол ұйымдастырушының кім екенін айта алмаймын. Өйткені «Арселормен» құпиялық туралы құжатқа қол қойғанбыз. Бұл - 100 пайыз Қазақстан Республикасы бақылайтын компания», - деді Қанат Шарлапаев.
Сондай-ақ, ол келісімнің шарттарын нақты айтуға хақысы жоқ екенін айтты.
«Әңгіме айтарлықтай елеулі транзакция туралы болып тұр. Бұл - күрделі процедура. Біз 32 мың адам жұмыс істейтін ірі кәсіпорындардың бірі туралы айтып отырмыз. Бізде осы келісімді ұйымдастырудың бірнеше қаржыландыру көзі болады. Мен қандай да бір жерден қандай да бір сома аламыз деп қарабайырлап айта алмаймын. Мемлекетте әзірше ол ақпаратты ашып айту мүмкіндігі жоқ. Өйткені бәріміз құпиялық туралы келісімге бағыныштымыз», - деді Қанат Шарлапаев.