«Қазкоммерцбанк» АҚ Директорлар кеңесінің жаңа құрамы ДК төрағасын сайлады. Бұл қызметке бірауыздан тәуелсіз директор Арман Дунаев лайық деп танылды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Мен үшін бұл үлкен құрмет. Жаңадан даму кезеңінде елдегі жүйеқұраушы банктердің бірінде Директорлар кеңесін басқару үлкен кәсіби шеберлікті талап етеді. Мемлекеттің қолдауы мен банктің негізгі акционерін алмастыру шаралары жинақталған көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта біздің алдымызда маңызды мақсат тұр. Ол - Қазкоммерцбанктің корпоративтік басқару жүйесін халықаралық үздік тәжірибелер мен Halyk Group қағидаттарына сәйкес келтіру және қаржы институты дамуының жаңа стратегиясын жасау», - деді А. Дунаев.
Арман Ғалиасқарұлы Дунаев - тәжірибелі әрі кәсіби қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты. Мемлекеттік және жеке секторда, сондай-ақ қаржы нарығында жұмыс тәжірибесі мол. Тәуелсіз директор ретінде Halyk Group тобының бірқатар компанияларының Директорлар кеңесінің құрамына кіреді: «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ, «Halyk Finance» АҚ және «Халык-Life» АҚ. «Altyn Bank» АҚ («Қазақстанның Халық Банкі» АҚ ЕБ) Директорлар кеңесін басқарады.
Айта кету керек, 31 шілде күні өткен алғашқы жиналыста банктің Директорлар кеңесінің жаңа құрамы сайланған болатын.
Арман Дунаевпен бірге банктің басқару органына Сәуле Кішкімбаева, бас акционердің өкілі - Әлия Қарпыкова, тәуелсіз директорлар - Азамат Жолдасбеков пен Асқар Елемесов, сондай-ақ ҚКБ-ның басқарма төрағасы лауазымындағы Ульф Вокурка кірді.