Өңірлердің елордадағы күндерін Ақмола облысы түйіндеді
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай елордада апта сайын өтіп жатқан аймақтардың күндерін Ақмола облысы түйіндеді. Бас қалаға ат шалдырған облыс делегациясы түрлі мәдени, рухани, спорттық, әлеуметтік шараларға мұрындық болып, күздің соңғы күндері тұнжырата бастаған шаһардың тыныс-тіршілігіне қан жүгіртіп, тұрғындарды бір серпілтіп тастады. Биылғы жылдың соңғы жәрмеңкесі болғансын ба, әйтеуір, Көкше өңірінен келген азық-түлік жәрмеңкесіндегі халықтың қарасы көп көрінді.
Аграрлық кешен өркендеген өңірден Астанаға бас-аяғы 2 мың тоннадан астам азық-түлік жеткізілген екен. Оның басым бөлігі ет пен ет өнімдері, ұн, сүт өнімдері. Картоп, қырыққабат, қызылша, пияз сынды көкөністер де баршылық. Бастысы, базардағы нарыққа қарағанда «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық алаңының алдындағы баға анағұрлым төмен. Мәселен, қой еті – 950 теңгеден, сиыр еті – 1000 теңгеден, жылқы еті – 1 100 теңгеден, шошқа еті 750-ден сатылды. Ағылған халық төрт түлік малдың етін килолап өлшеп емес, мүшелеп бұзбай-ақ кезе-кесегімен арқалап алып кетіп жатқанын байқадық.
– Шыны керек, етке деген сұраныс өте жоғары екен. Себебі, біріншіден, біз қойған баға арзандау. Екіншіден, араға делдал салмай, шаруалардың өздері әкеліп сатып жатыр. Бұл шаруалар үшін де, алушылар үшін де тиімді екенін көріп отырмыз, – дейді Целиноград ауданы Оразақ ауылының әкімі Нұрлан Қасымбеков.
Ет алушылардың бірі Орынша апайды сөзге тартқанбыз.
– Арқада тұрып соғым соймау, етсіз отыру қиын ғой. Соғымның маусымы жақын қалды, бірақ тұтас бір малды сатып алу оңай емес. Сол үшін осылай ірі малдың етін бөлшектеп сатып алуға тура келеді, – дейді ол.
Арзан көкөністі қапшық-қапшығымен арқалап апарып, көлігінің жүк салғышына салып жатқандарда есеп жоқ. Базарға барып алғаннан осы жерден көтерме бағамен сатып алу қалтаға біраз жеңілдеу, 20-30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сөрелерде картоп бағасы – 45 теңгеден, қырыққабат – 55, сәбіз бен қызылша 60 теңгеден деп көрсетілген. Өсімдік майы да арзан, 300 теңгеден сәл ғана асады. Оның үстіне, азық-түліктердің бірнеше түрі бар, таңдағаныңызды ала аласыз. Сауда шатырларының бір шетіндегі сахнада КВН командалары әзіл-қалжыңын айтып, әншілер ән шырқауда. Алаңның ортасында балалар түгілі ересектердің өзі асық атудың қызығына түскенін көруге болады. Бір бұрышта бір топ адам бұйығып тоғызқұмалақ ойнап отыр. Жәрмеңке ашылысымен сағат таңғы тоғыздан кете Астананың әкімі Әсет Исекешев пен Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин екеуі сөрелердің бойын аралап, қыза бастаған сауданың барысын шолып шықты.
– Жәрмеңкеге 70-тен астам өнім түрлерін әкелдік. Барлығы сапалы, өз жерімізде өсірілген, жергілікті кәсіпорындарда өңделген, әзірленген. 600 тоннадан астам ет, 400 тоннадан астам көкөніс жеткізілді. Бас-аяғы 700 миллион теңге көлемінде азық-түлік саудаға шығарылып отыр. Сауда жақсы жүріп жатыр, екі күннің ішінде тауарларымыз толығымен өтуге тиіс, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан.
Жалпы, Ақмола облысын республика экономикасын әр салада өрге сүйреп жүрген өңір десек артық айтпаймыз. Шикізат бағасы құлдыраған тұста экономиканы дамытудың басты бағдары болып отырған агроөнеркәсіп кешені де соңғы жылдары тұрақты түрде ілгерілеп келеді. Мәселен, биылғы жылы ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі кемінде 300 милиард теңгені құрайды деп жоспарланып отыр. Бұл 2001 жылғы көрсеткіштен 4 есеге артық екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мұрат Балпан айтып өткендей, жаңа технологияларды жолға қойған аймақ биылғы жылы 5,7 миллиард тонна астық жинапты. 274 мың тонна картоп жинап, соңғы жиырма жылда болып көрмеген рекордқа қол жеткізгені тағы бар.
Алқабы астыққа толы аймақ төскейін төрт түлікке толтырудың қамын да жасап келеді. Соңғы он бес жыл ішінде мал басы 2 есе өскені осының дәлелі. Облыста арнайы мамандандырылған 30 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады.
– Еліміздегі ең әлеуеті жоғары бордақылау алаңдары біздің облыста орналасқан. 31 бордақылау алаңында бір мезгілде 27 мың мүйізді ірі қара байланады. Облысымыз республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосуда деп айта аламыз, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров.
Ақмола облысы Астананың азық-түлік белдеуін дамытуды нәтижелі жүзеге асырып жатқанын атап өткен ләзім. Осы жұмыстың аясында соңғы жылдары өнім көлемі 3 жарым есеге артып, Астанаға жеткізілетін азық-түлік көлемі 2 есеге көбейіпті. Бүгінде берекелі өңір елорданы ұн, жұмыртқа, картоп сынды азықпен 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Елордалықтар тұтынатын сүт пен сүт өнімдерінің де 50 пайызы ақмолалық шаруалар мен кәсіпкерлердің маңдай терімен келуде. Ақмолада шығарылған «Бақара» жартылай фабрикаттары, «Садовое», «Одари», «Зорькин Луг» сынды сүт өнімдері өз елімізді айтпағанда, Ресейдің шекаралас облыстарына да экспортталады екен. Ал «Көкшетау минералды сулары» АҚ шығаратын «Тұран» сусындарының көрші елге экспортталып жатқанына 15 жыл болған.
Жалпы, тәуелсіздіктің мерейлі тойына Ақмола облысы зор жетістіктермен жетіп отыр деуге негіз бар. Өңірлік жалпы өнім көлемі соңғы 10 жылда 11 есеге өсіп, 1,2 триллион теңгеге жетіпті. Өнеркәсіп өнімдерінің үлесі де 10 есеге ұлғайып, 335 миллиард теңгені құраған. Сонау кеңестік кезеңде ашылған ірі-ірі жиырма өндіріс орындары тұрлаусыз тоқсаныншы жылдарда да, бертінде болған дағдарыстар кезінде де жабылып қалған жоқ. Соның арқасында өңір бір саламен шектеліп қалмай, экономикалық әлеуеті әр саланы қамтитын аймаққа айналып отыр.
Соңғы жылдары индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру аясында 174 миллиард теңгеге 70 жоба іске қосылыпты. Заманауи техникамен жарақталған, өндіріс барысы да, өнім сапасы да әлемдік стандарттарға сай келетін зауыт-фабрикалар ашылып, жұмыс орындары көбейген. Облыста бұрын-соңды шығарылмаған сирек кездесетін металдар концентраттары, құйма бұйымдар, полипропиленнен жасалған заттар, соя майы сынды жаңа дүниелер өндірілуде. «Қазақалтын», «Алтынтау Көкшетау» сынды алтын өндіруші кәсіпорындар облыстың ғана емес, республиканың металлургия өнеркәсібінің дамуына серпін беріп жатқанын айрықша атап өткен жөн. Бұл компаниялар 2015 жылы 20 тонна алтын өндіріп, 2009 жылғы көрсеткішті 10 есеге артығымен орындапты. Яғни, Ақмола облысындағы алтын өндіруші компаниялардың үлесі республика бойынша өндірілген өнімнің 35 пайызын құраған.
«Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы алаңындағы жәрмеңкенің жай-күйін бақылағаннан кейін Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойғанын айта кету керек. Осы құжат бойынша, Шекара қызметі тапсырыс бере отырып, облыста шығарылған азық-түлік, киім-кешек және түрлі құрал-жабдықтарды тұтынатын болды.
– Ақмола облысында еліміздің шекара қызметіне қажетті жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен құрал-жабдықтар өндіріледі. Сондықтан, бүгінгі меморандум аясында облыс кәсіпорындары өнімдерін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сата алады. Бұл жергілікті кәсіпорындардың өніміне сұранысты арттырады, сонымен қатар шекарашылар да сапалы өніммен қамтылады. Осы меморандумның арқасында алдағы уақытта ұсынылатын тауарлардың түрлерін көбейтеміз, – деді С.Кулагин.
Осылайша, «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясының аясында ұйымдастырылған облыстардың елордадағы күндері де мәреге жетті. Бас қаланың іргесінде қоныс тепкен, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени тұрғыда аралас-құралас болып кеткен Ақмола облысы бұл акцияны жоғары деңгейде түйіндеді деуге толық негіз бар.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»