Фото ашық дереккөзден алынды
Соңғы уақытта Tiktok әлеуметтік желісі арқылы көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген Нұрлан қажы Байжігітұлы өзі үшін бұл желі жаңалық емес екенін айтады. Жалпы, оның ел алдында жүргеніне 30 жылға таяған.
Осы орайда Нұрлан имам атымен танымал болған қажы Ult.kz тілшісінің бірнеше сұрағына жауап берді. Ол мешіттегі дін уағызы мен әлеуметтік желідегі насихаттың айырмашылығы туралы айтты.
«Мен үшін Tiktok желісі жаңалық емес. Себебі көпшілік алдында жүргеніме отыз жылға таяды. Бұған дейін Қазақстанның үш-төрт облысында дін өкілі болсам, үш-төрт мүфтимен қатар қызмет атқарып келемін. Әлеуметтік желіге ертерек көңіл бөлгенімде, бүгінгіден де басқалай болар ма еді, кім білсін. Дегенмен, қай облысқа қадам бассам да, алдымдағы жамағатым күн сайын көбеймесе, еш азайған емес. Айырмашылығы сол, Алланың үйіндегі дін уағызы тереңінен, ал желідегі дін насихаты қысқа-нұсқа күйде өтеді. Сондықтан қай желі болмасын, мейлі ол Instagram, мейлі YouTube, мейлі ол Tiktok болсын - дін адамы үшін бүгінгі күннің мінбері, насихат құралы. Ал, Tiktok желісін таңдауыма себепкер - қазақ жастары. Мені бұл қатты алаңдатады. Өйткені олар дініміз бен дәстүрімізді жалғастырушылар, жаңғыртушылар болып қалуы тиіс», – дейді Нұрлан қажы Байжігітұлы.
Дегенмен Нұрлан имамды оқырмандары бірден қабылдамаған. Желідегі қазіргі танымалдылығы мен оқырмандар санына оңайлықпен жетпегенін, арада көптеген түсініспеушіліктер болғанын да жасырмады.
«Иә, бірден қабылдады демеймін. Арада түсініспеушіліктер болды, кейбіреулер тікелей эфирлерде «Неғып отырсың?», «Шал кет», «Ұялмайсың ба?», «Нұримам» деген сықылды қарсы пікірлер, тіпті боқауыз сөздердің түрлерін жазды. Мұндай негативтерге көңіл бөлмедім демеймін, керісінше ескерту бердім. Бірақ ерінбей скриншоттап, сол парақшаларды кейіннен ақтарғанымда, бірі - ересек, бірі - жас, бірі мектеп оқушысы болып шықты. Олармен сөйлестім десем де болады», – дейді имам.
Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі оқырман ғана емес, әріптестері де дұрыс қабылдай алмаған, арасында тіпті келемеждегендер де табылған.
«Бұл ештеңе емес, әріптестерімнің өзі ту сыртымнан «Әртіс имам келе жатыр», «Тик-токер имам» деген мысқылды мазақтарын ел арасына тарата бастады. Алайда, мен үшін жастар жоғары тұрды. «Жастардың санасын жақсы жаққа бұруым керек!» деген мақсатым бір елі артқа шегіндірмеді, жолымнан тайдырмады. Тек, сол уақытта желіні жаулаған мектеп оқушыларына қайран қалдым. Олар не істеп отыр, сабақтары қайда, ата-аналары қайда, тәрбие қайда деген сұрақтар мазалады. Десе де, сұраныстың барын әу бастан сездім. Өйткені эфирлеріме зерттеу жүргізе бастадым. Сұрақтардың легінен халықтың көмейі көріне бастады», – дейді Нұрлан қажы.
Айтуынша, ол жастарды өзіне тарту үшін әдіс-тәсілдер қолдану керегін түсінеді. Бастапқыда үш күнде бір эфир, бір жарым айдан соң, күн ара эфирге шығуды әдетке айналдырады. Осыдан кейін жастардың көңілінен орын алады. Жастар қызыға, ал халық қолдай бастайды. Имамның айтуынша, оның жекесіне жазылатын сұрақтар легі есепсіз. Тіпті, әлі күнге дейін жауап берілмегендері бар. Өйткені, физикалық тұрғыда жауап беруге уақыт бөле алмай жатқан көрінеді. Оқырмандарының саны да ай сайын бір темппен өсіп отыр.
«Уақытым болса, күніне екі-үш сағатымды желілердегі жекеме келген хаттарға жауап беруге бөлемін. Шамам жетіп жатса, кейде бес-алты сағатым бөлінеді. Бұл - эфирлердің сыртында бөлінетін сағаттар. Ал, күн ара екі сағаттан кем емес жүргізілетін эфирлер - олар өз алдына бір бөлек. Кейінгі уақытта азайтуыма тура келді. Себебі уақытым бұрынғыдан да тығыз бола бастады. Содан соң жастардың эфирлеріме қызыққаны сонша, бірде-біреуін қалдырмастан тыңдап, керегін де, керек емесін де ұялы телефондарына жазып алып, тарата беретінге көшті. Тіпті, өз парақшамның қаралымынан асып түсетін хәлге жеткізді. Бұл үшін оларды сөкпеймін, ренжімеймін.
Қай желіні болмасын, адам қандай ниетпен қолданса, солай қабылданады. Яғни Tiktok-тың әлемдік брендке өтуіне себепкер адамдар, қысқа-нұсқа дүниелермен сананы тез жаулап алды. Ал, осы қысқа-нұсқаны дүниені қалай қолдансам деген ой менде әу баста болды. "Шешінген адам судан тайынбас" демекші, адамға алынбайтын қамал бар ма?! "Тәуекел түбі – жел қайық" дегендей, біздер яғни қазақ халқы астарсыз құрақ құрамаған елміз, сол сияқты қысқа ойды дінмен сабақтап, дәстүрмен ойладым. Tiktok-тың пайдасы – жеңіл, зияны – уақыт жейді, көзді жейді», – деді Нұрлан қажы Байжігітұлы.