17 қар, 2017 сағат 17:26

Ардагерлер ұйымдары өзара тәжірибе алмасты

Бүгін Талдықорғандағы Салтанат сарайында облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының ардагерлер ұйымдарының өкілдері бас қосты. Олар өзара тәжірибе алмасу мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген семинар-кеңеске қатысты.

Кіріспе сөзінде мұндай маңызды жиынды Талдықорғанда өткізгендері үшін ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізе отырып, облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, аймақта ардагерлерді қолдау бағытында атқаралып жатқан шаралар туралы қысқаша баяндап берді.

- Жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін бар. Бұл орайда еліміздің дамуы жолында білек түре еңбек еткен біздің алдыңғы буын ағалардың үлесін ерекше атап өту керек. Бүгінгі күні облыстық ардагерлер ұйымында 215 мыңнан астам адам бар. Біз олардың әрқайсысының еңбегін ерекше бағалаймыз. Құрметті демалысқа шықса да, бүгінге дейін жиған мол білімімен, толымды тәжірибелерімен бөлісіп, қоғамның дамуына, жас ұрпақты тәрбиелеуге белсене атсалысып келеді. «Аталар сөзі – ақылдың көзі», - деп халық бекер айтпаған. Бұл сөздің, әсіресе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асыру барысында құндылығы арта түсті. Қоғамдық сананы жаңғыртуда бүгінгі ұрпақ қарияларымыздың даналығына сүйенуі тиіс. Біз де өз тарапымыздан ардақты ардагерлерімізге барлық қажетті жағдайларды жасауға тырысамыз. Бүгінгі шара ардагерлер ұйымдарының көптеген мәселелерінің шешілуіне, жаңа тиімді жобалардың басталуына ықпал етеді деп ойлаймын, - деді А. Баталов.

Семинар-кеңесті республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұханбетов ашып, облыс басшылығына Ардагерлер кеңесімен өзара тығыз әріптестік байланыстары үшін ризашылығын білдірді.

- Бүгінгі шараның басты мақсаттарының бірі – Елбасының бағдарламалық мақаласына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өзара тәжірибе алмасу. Бұл бағытта біздің әрқайсымыздың қосар үлесіміз маңызды, - деді Б. Ізмұханбетов.

Жиын барысында аталған бағдарлама негізінде атқарылған жұмыстар туралы Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облыстарының және Алматы қаласының ардагерлер ұйымдарының басшылары баяндама жасады. Ардагерлер ұйымдарының қызметі, олардың жұмысын одан әрі жетілдіру мәлелері талқыланды, ақсақалдар өзара пікір алмасты.

Осы кездесуде облыс басшысы А. Баталов мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановқа Алматы облысының Құрметті азаматы атағы берілгенін жариялап, ардагерге марапат тапсырды.

Өз кезегінде республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Ізмұханбетов Амандық Баталовқа Орталық кеңестің «Құрмет белгісін», бірқатар жетісулық ардагерлерге Құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар Атырау облысының ардагерлер ұйымы өз тарапынан әріптестеріне Ұлы Отан соғысындағы даңқты ұшқыш, «Халық қаһарманы» Хиуаз Доспанованың құрметіне дайындалған «Хиуаз» медалін ұсынды.  

Жалпы ардагерлердің Алматы облысына сапары ардагерлер арасында волейболдан өтетін «Жетісу кубогы» Халықаралық турнирінің салтанатты ашылуын тамашалаумен жалғасты.

Еске салсақ, бүгін және республикалық семинар-кеңес қарсаңында ақсақалдар Талдықорған қаласының көрнекті орындары мен ғимараттарында болып, жұмыстарымен танысты. Атап айтқанда, Қаратал өзенінің жағалауында, «Жастар» саябағында, Журналистер үйінде, Оқушылар сарайында, Жастарға қызмет көрсету орталығында болып, Көрме павильоны мен Салтанат сарайын, орталық алаңдағы скверде орнатылған Елбасының мүсінін көрді.