Фото: el.kz
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 жылдың қазанынан осы жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 млрд текше метрден астам су жіберді. Бұл осыған дейін жоспарланған көлемен 100 млн текше метрге артық, деп хабарлайды Ult.kz.
"2025 жылғы наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі деп жоспарлануда.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиеваның айтуынша Солтүстік Арал су тасқыны немесе жаңбыр есебінен толып жатыр деген пікір қате. "Мәселен, еліміздің оңтүстігінде ауқымды су тасқыны болған жоқ", -дейді ол ОКҚ-де өткен брифингте.
Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдағы судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрден асады. Өсу динамикасын салыстыру үшін: 2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 18,9 млрд текше метр еді.
2025 жылдың соңына дейін теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтілуде. Ал 2030 жылдың соңына қарай Солтүстік Аралдағы су көлемін 27 млрд текше метрге жеткізу жоспарланып отыр.
Солтүстік Аралдың көлемімен бірге ауданы да ұлғайып келеді. Бүгінгі таңда теңіздің ауданы 3065 шаршы шақырым. Бұл 2022 жылдың басындағыдан 111 шаршы шақырымға көп.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілінің сөзінше Солтүстік Арал теңізінің көлемі мен ауданының ұлғаюы судың тұздылығын азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті.
Су инфрақұрылымын салу және дамыту
"Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағаларын қалпына келтіру" жобасы аяқталуға жақын. Министрлік жыл соңына дейін Солтүстік Аралды Үлкен Арал теңізінен бөліп тұрған Көкарал бөгетін реконструкциялау жұмысын аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл Солтүстік Аралды сақтауға, судың тұздылығын одан әрі азайтуға және аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі", -деп отыр Мөлдір Абдуалиева.
Министрлік Дүниежүзілік банкпен бірге 39 жобаны қамтитын Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеген екен.
"Бұл 2000 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы мен балық аулау кәсібін дамытуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға, өңірдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді", -дейді министрлік өкілі.
Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін түсіндіру үшін министрлік мамандары Қызылорда облысы Арал ауданының 11 ауылдық округтің 21 елді мекенінде тұрғындарымен бірнеше мәрте кездесіп, Арал қаласында азаматтармен 7 кездесу өтті деп отыр Мөлдір Абдуалиева.
Су үнемдеу технологияларын енгізу
Су үнемдейтін технологияларды пайдалану және күріш алқаптарын тегістеу 200 млн текше метр су үнемдеп, оны Солтүстік Арал теңізіне жіберуге мүмкіндік берді. Қызылорда облысында жалпы көлемі 55 мың гектар күріш алқабы тегістелді. Осының нәтижесінде орташа өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін өсті.
"Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, шаруа қожалықтарын, дихандарды белсенді түрде су үнемдейтін технологияларды қолдануға шақырамыз", -дейді ол.
Министрлік су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 30%-ға: яғни 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Мұндай мемлекеттік қолдау аз ғана елдерде бар. Су үнемдейтін технологияларды орнатқан шаруалар суармалы су үшін де аз төлейді. Елімізде суармалы суға субсидия мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды.