Спорт саласындағы басшылар 2024 жылғы Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында спортшылардың ірі халықаралық жарыстарда көрсеткен аралық нәтижелері, оларды даярлау жүйесіндегі өзгерістер, медициналық-биологиялық қамтамасыз ету және допингке қарсы бағдарламалар, сондай-ақ өңірлерде олимпиадалық спорт түрлерінің жай-күйі мен дамуына қатысты мәселелер қаралды.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін лицензиялар санына емес, медальдардың сапасына назар аудару қажет екенін айтты. Себебі жалпы командалық есеп алтын медальдар саны негізінде жүргізіледі.
Кездесу барысында министр федерация басшылары мен жаттықтырушыларға бірқатар тапсырма берді. Мәселен, ендігі кезекте құрамаға жастарды тарту арқылы командаларды жасарту және халықаралық жарыстарға іріктеуді барынша ашық өткізу бойынша жұмысты белсенді жүргізу қажет.
«Жоғары жетістіктер спортын дамыту үшін үлкен қаражат бөлініп, қолдау көрсетіліп, қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Дегенмен министрлік қайырымдылықпен айналыспайды. Сондықтан әр теңге үшін қатаң сұрау болады. Мұны осында отырған әрқайсысыңыз есте сақтауға тиіссіздер. Жоғары жетістіктер спорты нақты нәтижелерге негізделеді, қалғаны – дене шынықтыру. Сондықтан бізге жаңа жеңістер керек», – деді Дәурен Абаев.
Жиын барысында Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов Парижде 329 медаль жиынтығы сарапқа салынатынын айтты (Токиода 339 медаль жиынтығы ойналған еді).
Айта кетейік, еліміздің құрама командалары жыл басынан бері 19 әлем чемпионатына және 20 Азия чемпионатына қатысып, 140 медаль жеңіп алды: оның ішінде 35 алтын, 40 күміс, 65 қола бар. 2022 жылдың соңына дейін біздің спортшылар тағы 3 әлем чемпионатына және 3 Азия чемпионатына қатыспақ.
«Құрама команда қатарына спортшыларды іріктеу рәсімдерінің ашық өтуі маңызды. Бұл біздің басты назарымызда болады. Алдағы уақытта министрлік спортшылардың барлық жетістіктерін, жарыстарға қатысу кестесін бақылауға мүмкіндік беретін е-sport жүйесін іске қосады. Әділеттілік пен ашықтық маңызды, спорт жүйесінде салауатты бәсекелестік болуы тиіс», – деді Дәурен Абаев.
Министр спорт басқармаларының басшыларына олимпиадалық спорт түрлерінің басымдылығын ескере отырып, жоғары спорт шеберлігі мектептерінің жұмыс істеу қағидаттары мен тәсілдерін қайта қарауды, федерациялармен бірлесіп, спорт резервін дайындаудың бірыңғай стандартын және оқыту бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды.
Үш жарым сағатқа созылған жиында Спорттық медицина және оңалту орталығының директоры Азамат Нұрматов, Ұлттық допингке қарсы орталықтың директоры Майра Бақашева, спорт басқармаларының басшылары, спорт түрлері бойынша федерация өкілдері және басқа да жауапты тұлғалар жұмыс нәтижелері туралы баяндады.