06 қаң, 2026 сағат 15:12

«Апамның» да, «Балқияның» да шайына тыйым салынды: Қазақ шайды қашаннан ішеді?

Фото: azerbaijan_stockers/Freepik

Бүгін еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің көптеген шай сатушыларын есеңгірететін қаулысы шықты. Қаулы бойынша елімізде бірнеше шайды сатылуына тыйым салынды. Осы орайда Ult.kz тілшісі тыйым салынған шайлардың тізімі мен қазақ қашаннан шайға әуестенгенін анықтап көрді.

Неге тыйым салынды?

Сонымен, халықтың денсаулығына жауап беретін орган бүгіннен бастап кейбір шай түрлеріне қатысты уақытша санитариялық шаралар енгізді. Қаулының мәтініне сүйенсек, тиісті нормативтік-құқықтық актілердің және Кеден одағының тамақ өнімдері қауіпсіздігіне қатысты кейбір талаптарына сай келмегендіктен елімізге бірқатар шай түрлерін алып келуге  және сатуға тыйым салынып отыр.

Сараптама жүргізу барысында олардың құрамында тағамдық бояғыштар (сары «күн батуы» (E110), тартразин (E102), понсо 4R (E124)) бар қара шайдың өндіріліп, сатылу фактілері анықталған. Ал оларды шайға қосуға болмайды.

Осылайша, халық «керемет шығады» деп тамсанып жүрген шайлар қып-қызыл бояу болып шықты. Тағы бір айта кетерлігі, кейбір шай қаптамаларында көрсетілген мекенжайларда өндірушілер жоқ болып шыққан. Бұл – шайды елге еш рұқсатсыз әкеліп, заңсыз сатып келген деген сөз болуы мүмкін.

Елімізге әкелінуі мен сатылуына тыйым салынған шай атаулары:

«Апамның шәйі Premium gold» түйіршіктелген қара шайы, «Orda Trade Astana» ЖШС қаптамалаған, Қазақстан Республикасы Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Достық көшесі, 4 Г;
«Al-Hayat» Golg қоспалары бар қара шайы, өндірушісі «Empire KENIY E.P.Z. Limited», Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көкөзек ауылы, 751/2 учаскесі;
«БАЛҚИЯ Premium gold» түйіршіктелген қара шайы, «Аль-Хадия» ЖК қаптамалаған, Қазақстан Республикасы Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Дүйсенов көшесі, 25;
«Pakistan tea» түйіршіктелген қара шайы, өндірушісі «Real Trade Astana» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, әл-Фараби даңғылы, 27;
«Alfarah» түйіршіктелген қара шай, өндірушісі көрсетілмеген;
«Aje Onim» түйіршіктелген қара шайы, өндірушісі «Орда Чай» ЖК, Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Кальций» ЖШС тапсырысы бойынша;
«Орда Кения» қара шайы, өндірушісі және қаптамалаушысы «Orda Trade Astana» ЖШС, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Достық көшесі, 4 Г;
«Аль-Кайрат шәйі Premium gold» түйіршіктелген қара шайы, өндірушісі «Orda Trade Astana» ЖШС, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Достық көшесі, 4 Г;
«Al-Jannat Premium» түйіршіктелген қара шайы. «Ferdaus» ЖШС өлшеп-орап, қаптамалаған, Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Дүйсенов көшесі, 25/159;
«Sultan Suleyman» түйіршіктелген қара шайы, өндірушісі «Real Trade Astana» ЖШС, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, әл-Фараби даңғылы, 27.


Қазақтың қара шайы қашан келді?

Қазақ даласына шайдың келуі XVIII–XIX ғасырлармен байланысты. Алғашында бұл сусын айырбас сауда арқылы, әсіресе Бөкей ордасындағы Хан жәрмеңкесі арқылы кең тарала бастады. 1832 жылдан ұйымдастырылған жәрмеңкеге Ресейдің орталық қалаларынан, Хиуа, Бұхар және Қырымнан келген саудагерлер шаймен бірге самаурын, ыдыс-аяқ, қант секілді тауарларды әкелді. Алайда шай бастапқыда қымбат болып, тек ауқатты адамдардың дастарқанынан орын алды.

Тарихи деректерге сүйенсек, XIX ғасырдың ортасына қарай шай ішу қазақ тұрмысына біртіндеп ене бастады. Ғалым-этнограф Мұхамед-Салық Бабажановтың жазбаларында татар саудагерлерінің қазақтар арасында шай ішуді кең таратқаны айтылады. Ал орыс ғалымы М.Я.Киттара бұл кезеңде шай мен қанттың Хан жәрмеңкесіндегі негізгі тауарлардың біріне айналғанын көрсетеді.

Сонымен қатар шайдың қазақ өміріне енуіне Қытаймен және Ресеймен жүргізілген сауда-саттық та әсер етті. XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақтар Қытаймен айырбас сауда жасап, шайға деген сұраныс артты. Патшалық Ресей де шайды кеңінен таратуға мүдделі болып, оны экономикалық ықпал құралы ретінде пайдалануға тырысқан.

Нәтижесінде XIX ғасырдың соңына қарай шай қазақ қоғамында күнделікті тұтынылатын сусынға айналды. Әсіресе батыс және солтүстік өңірлерде шай мәдениеті тез қалыптасты.

Шай дәстүрі мен өндірісі

Әр халықтың шай ішуге қатысты өз дәстүрі бар. Бұл тұрғыда Қытай мәдениеті айрықша орын алады. Қытайда шай тек сусын емес, өмір салты саналады. Алғашқы шайханалар Тан әулеті кезінде (618–907) пайда болып, Сун дәуірінде (960–1279) кең тарады. Бүгінде шайханалар Қытайда іскерлік кездесулер өтетін, отбасылар жиналатын мәдени орталыққа айналған.

2022 жылы Қытайдың дәстүрлі шай дайындау дағдылары мен оған қатысты әдет-ғұрыптар ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бұл шай мәдениетінің әлемдік маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қытай бүгінгі таңда әлемдегі ең ірі шай өндіруші елдердің бірі. Соңғы жылдары шай экспорты тұрақты өсіп, жүзден астам елге жеткізілуде.

Қазақстанда да шай – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Статистика бойынша, ел дің басым бөлігі күн сайын шай ішеді. Қазақстанға шай негізінен Үндістан, Кения, Шри-Ланка және Қытайдан импортталады. Сонымен қатар республикада өз шай өндіретін кәсіпорындар да жұмыс істейді және отандық өнім шетелге экспортталуда.