17 сәу, 2024 сағат 11:53

Антикор: Қазақстанда 60 мың жүргізуші куәлігі заңсыз берілген


Фото:depositphotos.com


Арнайы ХҚКО-ларға жүргізілген жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша бюджетке түсетін түсімдер 10,6 миллиард теңгеден 91,3 миллиард теңгеге дейін ұлғайды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Антикорға сілтеме жасап.


Антикор мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша автомобильдерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру кезінде жемқорлық тәуекелдері анықталған.


"2011 жылдан бері қолданылып келе жатқан автокөлікті тіркеу жүйесі әділетсіз қызметкерлердің жалған деректер енгізіп, жалған құжаттар беруге жағдай туғызып, жемқорлыққа жол берген.
Агенттік 3 жыл ішінде 23 қылмыстық істі тергеді. 3 мыңнан аса заңсыз көлік есепке қойылып, 60 мың жүргізуші куәлігі заңсыз берілді. Уәкілетті органдарға тиісті ұсынымдар енгізіліп, олардың бір бөлігі іске асырылды", - делінген хабарламада.


Арнайы ХҚКО мен ІІМ-де автокөлікті тіркеу бойынша жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылған. Өтінімдерді ресімдеу және қарау кезінде деректерді түзету үшін мүмкіндіктер алып тасталған. Енді тек әкімшілік полиция комитеті өзгерістер енгізе алады.


"Өтінімдерді тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Енді бұл үшін тек ЖСН енгізу қажет, ал қалған деректер басқа ақпараттық жүйелерден автоматты түрде толтырылады. Бұл ретте жүйенің өзі екінші деңгейдегі банктердің түбіртектерін, міндетті төлемдерін және айыппұлдарын төлеуді тексереді".


2022 жылы 9,4 мың автокөлікті тіркегені үшін 10,6 миллиард теңге жиналған, 2023 жылы заңдастыруды ескере отырып, 10,2 мың автокөлікті тіркеген кезде 91,3 миллиард теңге түскен. Аталған тәуекелдерді жою нәтижесінде былтыр бюджетке түскен түсім 9 есеге ұлғайды.


"Компьютерлерге қашықтан қолжеткізу арқылы тұлғаларды ауыстыру және емтихан нәтижелері арқылы жүргізуші куәліктерін беру процесінде елеулі жемқорлық тәуекелдері анықталды. Агенттіктің ұсынымдары бойынша міндетті биометрия және қоғамдық бақылау үшін тікелей эфирде бейнетіркеу сынды бақылау шаралары енгізілді.
Емтихандарды қайта тапсыру рәсімдері реттелді. Қайта тапсыру саны екі ретке шектеліп, ал өте алмаған жағдайда 3 айдан кейін немесе тыйым салынған заттарды пайдаланған жағдайда 6 айдан кейін тапсырады", - делінген хабарламада.


Жаңа ақпараттық жүйелерді енгізудің арқасында емтихандарды тапсырған сыңай таныту тәуекелдерін едәуір азайтуға мүмкіндік туған.


"Жалпы, жаңа ақпараттық жүйелерді енгізу осы саладағы барлық қызметке оң әсерін тигізді. Бүгінде агенттік жүргізуші куәліктерін алу және көлікті тіркеу рәсімдеріне қоғамдық мониторинг жүргізуді ұйымдастырып жатыр. Бұл жұмысқа жемқорлыққа қарсы еріктілер тартылды".


Сондай-ақ, 2023 жылғы желтоқсанда ХҚКО қызметкерлерін жемқорлық субъектілеріне жатқызуға қатысты заңнамаға маңызды түзетулер енгізілгені айтылды. Бұл өзгерістер 2025 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді.

Түзетулер қызметкерлер тарапынан теріс қылықтар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.