21 қаз, 2016 сағат 12:58

Антиқазақ пиғылдан қашан арылар екенбiз?

Қазақ тiлiндегi газет-журналдарды оқып отырамын ғой. Сондағы бiр байқағаным, мемлекеттiк газеттер соңғы кездерiс үштiлдiлiктi насихаттай бастады. Насихаттағанда да, кәдiмгiдей насихаттай бастады.

Өлiмдi насихаттауға бола ма? Болмайды! Не болмаса, “Қазақ тiлiн жойып жiберу керек!” деп ұрандауға бола ма? Әрине, болмайды! Бiле бiлсек, үштiлдiлiктi насихаттау да – өлiмдi насихаттаумен бiрдей! “Қазақ тiлiн жойып жiберу керек!” деп ұрандаумен бiрдей!

Ендi өткенiмiзге көз жiберiп көрiңiзшi, бiз ненi, кiмдi насихаттамадық? Жатпай-тұрмай большевизмдi насихаттадық. Не болды аяғы? Оны да бәрiмiз бiлемiз. Интернацио­нализмдi насихаттадық, аралас некенi насихаттадық, орыс тiлiн насихаттадық, тың иге­рудi насихаттадық және т.б. Яғни бiздiң тiрлiгiмiздiң бәрi де қазаққа қарсы, қазақтың мүд­десiне қарсы, қазақтың мақсатына қарсы дүниелердi насихаттаумен өтiп келедi екен. Антиқазақ бастама, антиқазақ шара-шаруа, антиқазақ саясат, антиқазақ... Ең болмағанда ендi ойланайықшы! Тым құрығанда...

Рас, бiздiң арамызда қазақ тiлi жойылып кетсе, дүниенiң бәрi жарқырап, жақсарып кететiндей көретiндер де бар. Мұны жасырып-жабудың еш жөнi жоқ. Ендеше, осыларға соққы берудiң орнына олардың ойлап тапқандарын бiз неге насихаттаймыз? Неге солардың жетегiне еремiз?

Жақында ғана Ұлыбритания әлемдi дүрiлдеткен Еуроодақтан шықты да кеттi. Неге шықты? Өзгелер кiре алмай жүр­се, Ұлыбританияның мұнысы несi? Ұлыбританияның ұлттық мүддесiне зиян келедi екен. Бүкiл Еуропа елдерiнiң қарсылығына қарамастан Ұлыбритания референдум шақырды да, Еуроодақтан шығып кете барды. Өйткенi Ұлыбританияға ұлттық мүдде қымбат!

Ал ендi бұрынғымызды, бұ­рынғы кезде қалай ақымақтан­ғанымызды есепке алмай-ақ қояйық. Ендi тәуелсiздiкке қол жеткiзгеннен кейiн өзiмiздiң ұлттық мүддемiзге жанашырлықпен, байыппен қарауға болады ғой. Жоқ, сол баяғы тiр­лiк, баяғы қамсыздық, баяғы қаперсiздiк...

Өз ұлтымыздың, яки қазақтың тiлеуi мен қалауына қайшы келетiн дүниелердi қашанға дейiн насихаттар екенбiз? Мұның аяғы, шегi бола ма, жоқ болмай ма?...

Сарыбай ЕЛЕМЕСОВ,

Кентау қаласы.

"Жас Алаш" газеті