Фото: ашық дереккөз
Әнші Жасұлан Базарбаев «Кездесу» подкастында қонақ болып, көпшілікке қызының денсаулығына қатысты ауыр сырын бөлісті, деп хабарлайды Ult.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Өнер иесі қызына «аутизм» диагнозы қойылғанын ашық айтып, бұл жағдайды үлкен өмірлік сынақ ретінде қабылдап жүргенін жеткізді.
«Сынақ дейміз, бірақ дәрігерлердің қатесі деп те ойлаймын. Өйткені баланы тексермеді. Екпе салу үшін бала аурудан сау болуы керек қой. Ал менің қызым сол кезде ауырып тұрған. Неге салдырды? Бір емес, екі жыл салды. Әрине, күдіктенесің. Мүмкін одан емес шығар, бірақ күдігім әлі сейілген жоқ. Мүмкін өзімнен болды... Қазір тоқтаусыз емдетіп жатырмыз. Негізгі диагноз — аутизм. Жеті жарым жыл бойы ем жасап келеміз», — деді ол.
Әнші сондай-ақ қызын мектепке жақын жерде ұстау үшін баспанасын жалға беріп, басқа үйді жалдап тұрып жатқанын айтты.
«Өз үйім бар, бірақ біреудің үйін жалдап отырмын. Өйткені қызымның мектебі қасында. Ол қиналмасын, ұзақ жол жүрмесін деп. Кейде сыныпқа кірмей қалатыны бар, кейде ауруы қозып кетеді, кейде басын қабырғаға ұрып қояды. Сондай сәттерде жүгіріп барып алып кету үшін жақын жерде тұрамыз», — деді әнші.
Жасұлан Базарбаев қызының саулығы үшін күресіп жүргенін және ата-ана ретінде мұндай жағдайда сабыр мен қолдаудың маңызы зор екенін айтты.
