08 шіл, 2025 сағат 12:37

Animal welfare және смарт-ферма стандарттары: Қазақстанда мал шаруашылығы қалай өзгереді

Фото: Үкімет

Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мал шаруашылығын заманауи технологиялар арқылы жаңғыртудың кешенді жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Министрдің айтуынша, бұл процесте жануарлар әл-ауқаты – animal welfare стандарттарын сақтау басты басымдықтардың бірі болмақ.

Eurotier 2024 мәліметтері жануарларға жайлы жағдай жасалған фермаларда өлім-жітім азайып, өнім сапасы мен табыс артады деген қорытындыны дәлелдеді. Осыған байланысты, Қазақстанда да желдету, жылы едендер, музыка ойнау, тасымалдау кезіндегі стрессті азайту секілді жайлылықты арттыратын жүйелер енгізіледі. Сондай-ақ, фермалардың құрылымы жануарлардың биологиялық мінез-құлқына бейімделетін болады.

Мал шаруашылығын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында мал мен ветеринарияға қатысты барлық деректі бірыңғай ақпараттық жүйеге шоғырландыру ұсынылып отыр. Бұл – шаруашылықтардан бастап, министрлікке дейін үздіксіз есеп жүргізуге, жедел шешім қабылдауға және кешенді талдау жасауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, смарт-фермалар тұжырымдамасы аясында роботтандырылған жүйелер кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, автоматтандырылған сауу, азықтандыру, климатты басқару, бейнебақылау мен жануарлар денсаулығын қадағалайтын датчиктер енгізіледі. Бұл құрылғылардан алынған барлық мәлімет бірыңғай ветеринариялық базаға түсіп, әрбір малдың цифрлық профилін жасауға көмектеседі.

Мал шаруашылығының цифрлық трансформациясы жануарларға жайлы жағдай жасаумен қатар, өндіріс тиімділігі мен өнім сапасын арттыруға, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.