Фото: Яндекс
Футболдан Қазақстан жастар құрамасы Андорралықтардан жеңіліп қалуына байланысты Қазақстан футбол федерациясына сын күшейді, деп хабарлайды Ult.kz.
GOAL KZ | Қазақ футболы instagram парақшасында қазіргі ҚФФ басшылығы тұсындағы нәтижелерді қысқаша сипаттап, былай деп жазады:
- Аутсайдерлер қатарындағы Али Алиев шақырылды, алайда ол Қазақстан құрамасымен іріктеу циклін сәтсіз өткізді.
- Футзал құрамасы 20 жылда алғаш рет Еуропа чемпионатына өте алмады.
- Федерация легионерлерге шектеу енгізуді жоспарлап отыр — бұл шешім еурокубоктарда ойнайтын ҚПЛ клубтарының мүмкіндігін шектейді. Оның үстіне, командаларда орта есеппен 5–6 қазақстандық ойыншы ғана бар.
- ҚФФ қызметкерлерінің тым жоғары жалақыларына қатысты дау шықты. БАҚ дерегінше, Балтиев айына 5 млн теңге алады.
- ҚПЛ матчтарының трансляцияларында да үлкен мәселе бар: бейненің сапасы мен қайталаулар көңіл көншітпейді.
"Тарихтағы масқара жеңіліс — соңғы алты жыл бойы жеңіске жетпеген Андоррадан ұтылу. Көрермендердің шыдамы таусылған секілді. Бүгін жастар құрамасынан Андорраға жеңілген соң, жанкүйерлер КФФ басшылығының отставкасын жаппай талап ете бастады", - деп жазылған парақшада.
Айта кетейік, Футболдан Қазақстанның 21 жасқа дейінгі құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеуінде Андоррадан 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
Матч қарсыластар алаңында өткен. Бірінші тайм қос құрама да есеп аша алмай, үзіліске 0:0 есебімен тарқасты. Ал, екінші таймда бұрыштан көтерілген допқа бірінші жеткен Марк Родригес Дулат Талыспаев күзеткен қақпадан саңлау тауып, жеңіс голын соқты.
Еуропадағы ең әлсіз, яғни аутсайдер команда саналатын Андорра командасы топтық кезеңде 5 ойын өткізіп, соның төртеуінде жеңілген болатын.
