Санаулы күндерден соң Алатаудың баурайындағы әсем қаланың 1000 жылдық мерекесін атап өту салтанаты басталады. Шовинистік пиғылдың шырмауынан шыға алмай, Алматы тарихын Верныйдан бастағысы келетіндерге тынымсыз еңбектенген ғалымдар тарапынан табанды түрде тойтарыс беріліп, оның көне қала екені бірауыздан дәлелденді. Алайда мыңжылдықтың өзіне де мысқылмен қарап, ғұмырының қысқа қайырылғанына қынжылғандардың нүкте қойылған пікірталасқа қайта жол ашқысы келетінін де байқау қиын емес. Қалай болғанда да Алматы туралы сөз әзірге түгесілмейтін сияқты. Бұл жақсылықтың белгісі болар. Алматының жасын анықтауға байланысты көп еңбектенген, бір жарым ғасырлық қана ғұмыр сыйлағандардың, қазақша айтқанда «аузына құм құйған» тарихшылардың ішіндегі бірі де бірегейі академик Карл Байпақов екендігінде дау жоқ. Халықтық мереке ретінде тойлағалы отырған Алматының 1000 жылдық мерейтойы қарсаңында күл мен топырақтың астынан тарихтың шындығын іздейтін археологты әңгімеге тартудың реті келді.
– Карл Молдахметұлы, сізбен бүгінгі сұхбатымызда тек Алматы, Алматы қаласының 1000 жылдығы туралы ғана әңгімелескенді жөн көріп отырмыз. 2000 жылдардың басында «Алматының 150 жылдығын тойлаймыз» дегенде, шу ете қалған қоғам бүгінгі күні Алматының 1000 жылдығы дегенді де місе тұтпай отыр. Дегенмен талай жылдан бергі таласты әңгімеге нүкте қойдыңыздар. Сонымен Алматының 1000 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлау идеясы қайдан туындады, бұған қалай қол жеткіздіңіздер?
– Қазақстан археологтары мен тарихшыларына Алматының жасын «1000» деп белгілеу оңайға соққан жоқ. Тек соңғы он жылдың айналасында ғана осы мәселеге байланысты археология мен тарих ғылымының айтөбел білгірлері бас қосқан үш бірдей халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Бұл – кең көлемде жүргізілген археологиялық зерттеулер мен бірнеше халықаралық ғылыми конференциялардың нәтижесінен кейін ғана жасалған байлам. Франциядан, Ресейден, Шығыс Еуропа елдерінен, Кореядан, тіпті Америкадан да білікті ғалымдар шақырылған осы алқалы басқосулардағы келелі әңгімелерден соң ғана біз «Алматы 1000 жылдық тарихты құрайды» деген шешімге келдік. Алматы тарихын зерттеуге келген ғалымдардың барлығы біз ұсынған археологиялық материалдармен, нумизматика жаңалықтарымен жете танысып, өз көзқарастарын білдірді. Ғалымдар кеңесінің әділ қорытындысы ЮНЕСКО-ға жолданды. ЮНЕСКО өз кезегінде тарихшылардың уәжін құп алды.
Сол себепті базбір адамдар айтып жүргендей, «Алматының 1000 жылдығы» деген атау аспаннан алынған жоқ немесе оны Байпақов бекіткен жоқ. Алматының жасын анықтау мәселесінің 2000 жылдардың басында қоғам алдына қойылғанын көпшілік әлі ұмыта қоймаған болар. Біз Кеңес Одағы жылдарынан бері ұзақ уақыт Алматының тарихын Верный бекінісінің құрылғанынан бастап есептеп келдік. Бай мен манаптарды арқаға қаға отырып, құрметке ие болған Үлкен орданың приставы, майор Перемышельский бастаған орыс отряды 1854 жылы Алатаудың етегіне келіп бекініс құрды. Міне, І Николай патша «Бекініс Верный деп аталсын!» деп мөр басып, қол қойған бұйрық негізінде қабырғасы қаланған қорғанның жасы халқымыздың санасына да, қанына да, жанына да сіңіп, қабылдап алды. 2000 жылдың басында «Алматының 150 жылдығын тойлау» деген әңгіменің қоғамның қалай ашу-ызасын туғызғаны естен шыға қоймаған болар. Содан кейінгі уақытты ғалымдар текке өткізген жоқ. Айтылмай келе жатқан тарихты қайта қопарып, әділдікті орнату жолында барынша ізденді. Ал мерейтойды ЮНЕСКО аясында атап өту идеясының авторы Алматы қалалық әкімдігі болуы керек. Қалай дегенмен, Алматы аумағында жүргізілген археологиялық зерттеулерді қалалық билік қаржыландырды ғой.
– Алдымен «Алмату», 1921 жылға дейін Верный, 1921 жылдан Алматы аталған Жетісудың ең ірі қаласының алғашқы зерттеушілері туралы әңгімелеп берсеңіз…
–1858 жылы Абрамова деген өлкетанушы Алматы туралы шағын зерттеуін жазған. Алматы туралы Владимир Бартольд пен академик Әлкей Марғұланның, археолог Кемел Ақышевтің жазған зерттеулері бар. Арғыдағы зерттеушілерді айтпағанда, бергідегі Алматыны зерттеу ісінде Шоқан Уәлиханов көп із қалдырған. 1866 жылы ол Верныйда болған сапарында: «Айтылып, жазылып жүргендей Верный қаласы тақыр жерде пайда болмаған. Ол бұрыннан орныққан қазақ ауылының, қазақ елді мекенінің жанынан құрылған. Верный қаласының өзегі нақ сол елді мекеннің кіндігіне байланған» деп айтып кеткен. Кейінгі жергілікті өлкетанушылар да, зерттеушілер де бүгінде Алматинка аталып кеткен өзендерді жағалай салған биік қорғандарға қарап, Іле Алатауының етегінде қоныстанған қала болғанын еңбектерінде жазып қалдырған. Көз көрген куәгерлердің мәліметінше, Верный әскери бекінісінің қабырға кірпіштері жақын маңдағы әлдеқандай ескі үйінділерден тасымалданған. ХІХ ғасырдың соңында, нақтырақ айтқанда 1894 жылы белгілі шығыстанушы ғалым, Ресей Ғылым академиясының өкілі Бартольд Ташкент, Шымкент, Жамбыл, Бішкек, Жанкент секілді ірі аймақтарды айнала аралап жүріп, Верныйға да ат басын бұрады. Келгеннен кейін өлкетанушылармен, жергілікті зиялылармен әңгімелесе келіп, қаланың архитекторы Поль Гурдемен кездеседі. Бартольд одан қаланың тарихын, орналасқан жерін, қашаннан бері өмір сүріп келе жатқанын, табиғат ерекшеліктері туралы сұрайды. «Ия, бұл жерде ескі қала бар» деп ресейлік ғалымды қаланың оңтүстік-батысына қарай бастап алып барады. Бартольд көрген бетте-ақ мұның ортағасырлық ежелгі қала екенін бірден байқайды. Яғни Верный, кейінгі Алматы қаласының төңірегіндегі «ескі қала ма, әлде кеше пайда болды ма?» деген дүдәмал пікірлер тек бүгін ғана емес, күдік-күмәндер сол кездің өзінде де болған.
Алматының тарихын Жетісу аймағынан бөліп қарай алмаймыз. Алматы Жетісудағы жалғыз ғана қала болған жоқ, одан басқа да қалалар болған. ХХ ғасырдан бастап Ұлы Жібек жолы тартылды. Әрине Жібек жолы одан да бұрын пайда болды. Ал мұндай ел мен елді жалғайтын күре жолдар міндетті түрде үлкен қалалардың пайда болуына әкеледі. Алматыдан таяқ тастам жерде жатқан бүгінгі Талғардың түп негізі саналатын Талхир, Махмуд Қашқари жазып кеткен Екіөгіз шаһары, араб ғалымдары жазып кеткен бүгінгі Сарқанның орнында болған ежелгі Қойлық Жетісудың ірі қалалары еді. Енді бұл қалалардың қатарын соңғы жылдары тағы бір шаһар толықтырды – Алматы облысындағы Шонжы ауылына жақын жердегі Сүмбе елді мекенінен Лабан деген қаланың орны табылып отыр. Археологтар «Лабан, Лабан деп жүрміз, бірақ Лабан деген не мағына береді?» деп көп ойландық. Кейбір зерттеушілеріміз Лабан атауын өзгеріске түскен «албан» сөзімен байланыстырып жүр. Әбден мүмкін. Өйткені үйсіндер мен албандар бұл аймақты ежелден мекен етіп келеді. Ендеше, осылармен қатар өмір сүрген Алматының ортағасырлық қала болғандығымен дауласудың еш қажеті жоқ. Алтын Орда дәуіріне тиесілі ХІІІ ғасырдың соңында, нақтырақ айтсақ 1271-1279 жылдары Мауреннахрды билеуші Масұтбектің реформасы жүріп, шағатайлар Алматының өз Ақша сарайынан тиындар жасап шығара бастайды. 1979 жылы Алматы қаласының Ленин даңғылы бойындағы Шекара училищесінің маңайынан табылған таңбалы дирхамдар көкейдегі дүдәмалдың бәрін жоққа шығарды.
– Егер бұл күміс ақшалар ХІІІ ғасырдың жәдігері болса, онда біздің Алматымызға 700 жыл ғана болмай ма?
– Тек қана дерекке сүйенетін археология ғылымы отырықшы елді мекен емес, қаланың бүкіл атрибуттарына жауап беретін Алматының барлық сән-салтанаты келісіп, Х-ХІ ғасырда өмір сүргеніне еш шәк келтірмейді. Бұл мемлекеттіліктің де, Ұлы Жібек жолының да даму кезеңіне сәйкес келеді. Өйткені Жібек жолының үлкен бөлігі Жетісу жеріне тиесілі екені белгілі. Бұл кезеңді мұсылман ренессансының да дәуірлеу кезеңі деп атайды. Дәл осы шақта алдымен Араб халифатында, кейін өз алдына дербес дамыған бүкіл мұсылман елдерінің мәдениетінде үлкен серпіліс болды. Сол тұста әл-Фараби, ибн-Сина, Бируни, Омар Хайям есімдерімен байланысты үлкен мәдениет қалыптасты. Иә, 1000 жыл бұрын бұл жерде қола дәуіріндегі сақ тұрғындарына тиесілі ата қоныс, елді мекен болған. Бұл туралы Бабыр мен Мұхаммед Хайдар жазып кеткен. Ара-жігін ажыратып алайық, әңгіме керуен сарай немесе ауыл туралы емес, Ұлы Жібек жолы бойынан қоныс тепкен, қала мәртебесін иеленген қала туралы болып отыр. Өйткені бұл жерде 161 жыл бұрын да, 1000 жыл бұрын да, 3000 жыл бұрын да адамдар болған. Бірақ әңгіме – қала турасында. Тұрғылықты халық саны белгілі бір межені бағындырған, топография, дамыған саудасы мен өнеркәсібі бар, қолөнер бұйымдары, қала белгісі деп, міне, біз ең алдымен осыларды айтпаймыз ба? 1000 жыл бұрынғы Алматы атауына ие болған қала осы талаптың бәріне жауап беретін еді. Қала мәртебесін анықтау бүгінгі ғылым үшін үлкен проблема болса да қала мәртебесін иелену сол кездің өзінде әр елде әртүрлі шешімін тапқан. Мысалы, қала деген бір елде жай ғана аумақ қана болуы мүмкін, ал бір елде ол қорғаныс, бекініс түрінде көрініс табады, ал Ресейде елді мекен сыртынан толық қоршалса, ол қала болып есептелген. Шығыс елдері қала мәртебесіне әлдеқайда кең тұрғыда қараған. «Қала» деп ауыз толтырып айтып тұрған жерде ел билеушісінің резиденциясы бар ма, мемлекеттің өз ішіндегі ол қаланың рөлі қандай, қол өнері, өндірісі дамыған ба, осы сауалдарға жауап бере алса ғана ол қала мәртебесін алған. Алғаш екі дана тиын табылса, қазір әртүрлі номиналдағы олардың саны 50-ден асты. Ең қызығы оларда «Алмату» деп жазылған.
– Алматының жасын анықтауда сіздер көбінесе осы күміс теңгелерге арқа сүйеп отырсыздар. Теңгелердегі «Алмату» деген сөзді алғаш оқыған нумизмат Владимир Настич қазір қайда?
Алматының бақытына орай, бұл теңгелер сол кезде Қазақ астанасында тұрған, кейін Ресейге кетіп қалған Владимир Настич атты ғажайып археология маманының қолына түсті. Настич араб тілінің де мықты маманы-тын. Мәнеттегі «Алмату» деген жазудың арабшадан түркі тілінің заңдылығына сәйкес оқығанда, жалғаудың өзгеріске түсіп, «Алматы» болатынын да алғаш бізге Настич түсіндірді. Бұл қазақ тарих ғылымындағы сенсация еді. Яғни ХІІІ ғасырдың өзінде қала «Алматы» деп аталған. Қазір Настич Мәскеуде тұрады. Ол – посткеңестік елдердегі ғана емес, айтқаны талқылауды қажет етпейтін, әлемдегі аса ірі нумизматиктердің бірі болып саналатын бағалы маман.
– Қош делік, Алматының жасын нумизматика мен археологиялық дерекке сәйкес анықтап отыр екенсіздер. Бір сөзіңізде ежелгі Алматыны зерттеудің қиын екенін, қаланың асфальт астында қалғанын айттыңыз. Бірақ теңгелер табылған 1979 жылдан бері қарай қалада қаншама үйлер бой көтерді, жүздеген метр тереңдікті үңгіген метро құрылысы салынды, ескі шаһардың тарихынан хабар беретін бірде-бір дерек-дәйектің табылмағаны ма?
– Археологиялық қазба жұмыстары кезінде, негізінен, қыш дүниелер табылады. Өйткені қыш басқа материалдарға қарағанда, ұзақ сақталады. Мәселен, Ботаника бағының орнынан қыш заттардың мол қоры табылды. Бірақ ғалымдарды бәрібір «ежелгі Алматының орны қайсы?» деген сауал алаңдатады. Қалай болғанда да біз ежелгі қаланың орны Шекарашылар училищесі, әл-Фараби даңғылы орналасқан таудың жоғарғы жақ бөлігі деп шештік. Алматының ақша сарайынан шыққан тиындар Бішкектен де, Шу даласынан да, Орталық Азияның басқа аумақтарынан да табылып жатыр. Яғни бір таңбадағы, бүгінгі тілмен айтқанда бірдей дизайндағы «Алмату» деген ақшалар Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың бәрінде айналыста болғанын дәлелдейді. Сондай-ақ ғалымдарды «Алматы өмір сүруін қай кезде тоқтатты?» деген сауал да алаңдатады. Өйткені кез келген қаланың пайда болу, өсу, өркендеу, дәуірлеу және сонымен бірге тоқырау, құлдырау, қайтадан қанат жаю кездері болады. Кез келген шапқыншылық, соғыс кезінде ең әуелі ірі қалалар зардап шегеді. Бірақ шағын елді мекенге айналса да мүлдем тып-типыл болып жойылып кетпейді. Біздің Сағын Жолдасбаев деген әріптесіміз бар. Ол қазақтың ежелгі қыстауларын зерттеді. Сонда бір ғана Жетісу аймағындағы қыстаулардың көшпенділер үшін тек қыс мезгілінде жайлайтын жері емес, жыл он екі ай бойы тұрғындарға қоныс болғанын анықтады. Шоқан Уәлиханов алғаш келген кезінде Алатаудың етегі сауда жасайтын, ауылшаруашылық өнімдерін өсірумен айналысатын отырықшы қалың қазақ ауылдарына толы болғанын таңғала отырып жазады. Одан сәл кейінірек келіп зерттеген поляк ғалымы Адольф Янушкевич те егіншілікпен, жер өңдеумен айналысатын елді мекендердің бәрі қазақ ауылдары екенін айтып, хатқа түсірген. Сол заманның куәгері болған ғалымдардың жазып қалдырған мәліметінше, Сібір мен Воронеж губерниясынан келген переселендер жерді суару, арық тарту дегенді мүлде білмеген де, ешқашан көрмеген де екен. Переселендер осы шаруаның бәрін жергілікті қазақтардан үйренген. Мұның бәрі ХІХ ғасырдың көрінісі болса да бұл мысалдардан мұндағы қайнаған қала тіршілігінің тамыры тым арыда жатқанын байқау қиын емес.
Алматы – мерейтойын тойлап жатқан Қазақстанның үшінші қаласы. Түркістан қаласы 1500 жылдығын, Тараз қаласы 2000 жылдығын атап өтті. Бір мәселе бар. Ғылым күн санап дамып жатыр, ғылымда ең соңғы сөзді айту өте қиын, себебі ғылым үздіксіз жаңарып тұрады. Түркістанның 1500 жылдығы тойланғанда, оған қажетті ғылыми негіз бен барлық дәлелді деректер бар еді. Кенет ойламаған жерден оны да теріске шығаратын мыс, күміс теңгелер, қыш жәдігер, тұтас қала қабырғалары табылды. Ал бұл дегеніңіз – көне Түркістанның өзегі одан да ары жатыр деген сөз. Сөйтіп Түркістан қаласының тарихын тағы да бес ғасырға ары жылжытып, 2000 жылдық межені белгіледік. 2000 жылдық тарихы бар деп жүрген Ташкент те солай болды. Өзбек астанасының жасы тағы да жүзжылдықтармен толықтырылып, 2200 жаста деп белгіленді. Ендеше жан-жақты қамтитын ғылыми дәлелі мықты болса, әзірге 1000 жылдық жасы бар деп есептеліп отырған Алматы да ғұмырын қайта жаңартып, шежірелі тарихын байытып, толықтыра түсуі мүмкін.
– Егер Алматы өте көне қалалардың қатарында болса, неге осы уақытқа дейін өзімен бір дәуірде өмір сүрген Отырар, Испиджаб, Сығанақ, секілді тарихи жазбаларда аты аталмайды?
– Оның себебі көп болуы мүмкін. Көне қала болса да көп дерегі жоқ қалалар тарихта жетерлік. Ол кезеңдерде Алматы бүгінгідей ұлттың ту тіккен ордасы, орталығы, астанасы болған жоқ. Керісінше, Азияның орталығынан тым жырақта жатты. Саяхатшылар мен жазба қалдырған этнографтардың салыстырмалы түрде айтқан дерегіне қарағанда, Бағдат пен Самарқанд сияқты емес, Алматы қиыр жайлап, шет қонған периферия еді. Орталықтан алыста орналасқаны соншалық, саяхатшылардың өзінің аяғы жете бермеген. Сондықтан жазба мәліметтерде ол туралы дерек аз. Франция королі ІХ Людовиктің елшісі Гильом Рубрук 1253 жылы Моңғолияға сапар шегіп, сонау өз елінен Қырым арқылы біздің Жетісу жерінде болып, жолай кездескен қалалар туралы жазады. Францияға оралған соң «Шығыс елдеріне саяхат» атты кітабын жазады. Сол кітабында Іле Алатауының тілмен айтса жеткізгісіз ғажайып сұлулығын сипаттайды. Қойлық қаласын «Қайлақ», Екіөгізді «Якуз» дейді. Әрине бұл ХІІІ ғасырдың жазбалары, бірақ Х ғасырдың жазбаларында Екіөгіз бен Талхир туралы келтірілген мәліметтер бар. Алматы туралы ескі жазбаларда деректер кездеспегенімен, ғылым дегеннің күнде жаңарып жататынын еске алсақ, жазбалардан Алматының аты жарқ етіп шығып, тарихи әділдік кез келген сәтте-ақ орнай салуы әбден мүмкін.
– Бүгінгі күні қала мәртебесін иелену үшін жүзмыңдықтар өлшемі керек. Ал мың жыл бұрынғы қалалардың халқы қай шамада болған?
– Ол дәуірдегі өлшем, әрине, басқа болды. Археолог ғалымдар қала ауқымына қарай тұрғын үйлердің санын, жан басын есептеп шығаруға ұмтылып жатыр. Мысалы, Отырардың халқы 15-18 мың шамасында болған. Оңтүстіктегі Сайрам (Испиджаб) шаһары ең үлкен қала болып есептелген. Онда 40 мыңға жуық адам тұрған. Үлкен қалалардың қатарына Шу алқабындағы Баласағұн шаһары да жатқызылады. Ғалымдар мұнда да ондаған мың тұрғынның болғанын айтып жүр. Ал 1950 жылдары халық саны 200-300 мыңнан асатын Алматының бүгінгі тұрғындары 2 миллионға жетіп отыр. Тек біздің заманымызда ғана емес, ол дәуірлердің қалалары да урбанизацияны бастан кешіріп, іргесі кеңіп отырған. Қараханиттер кезеңінде Жетісуда бірден 6-7 қала бой көтерген. Бұл деген ғажап емес пе?
– Әлемде тарихы мыңжылдықтармен емес, біздің дәуірімізге дейінгі бірнеше мың жылды қамтитын өте көне қалалар бар. Біздің дәуірімізге дейінгі 9600 жыл бұрын өмір сүрген Афинаның мерейтойы немесе антикалық дәуірде пайда болған Римнің туған күндері қалай аталып өтеді? Париждің 5000 жылдық тарихы бар екенін француздар біле ме? Біздегі секілді той-думанмен дүбірлеп өте ме екен?
– Неге аталып өтілмесін? Оларды айтпағанда, Мәскеудің 700 жылдығын қалай атап өткеніміз әлі күнге естияр буынның есінде болар деп ойлаймын. Ал Қазанның 1000 жылдығы ше? Татарлар астанасының мерейтойын тойлайтын кезде де қоғам ішінде «Қазанның жасы Мәскеуден неге үлкен болады?» деген күбір-сыбыр әңгімені қоздатқан. Қазанның Мәскеуге қарағанда «қарт» болғаны біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Ол кезде де нумизматика үлкен рөл атқарып кетті. Жас мемлекеттердің ғасырлар қойнауында ұмытылып қалған тарихын анықтап, қоғамға жариялап айтудың өзіндік қиындығы болғанын ұмытпауымыз керек. Әр қаланың өз келбеті, өз мінезі бар. Ал қала мерейтойын атап өтудің мәні неде? Ескі шаһарлардың өркениет тарихында қандай із қалдырып, нендей үлес қосып кеткенін халық та білуі керек. Сондықтан да маңызды. Мысалы, 1970 жылдардағы Түркістан мен бүгінгі қазақ руханиятының астанасы болған Түркістанды салыстыруға бола ма? Мерейтойға орайлас университет салынып, мавзолейге күрделі жөндеу жүргізіліп, абаттандырылып, мәдени орталықтардың біріне айналдырылғаны түркістандықтардың өзіне қаншама рухани ләззат, күш-қуат сыйлады? Қала мерейтойлары осындай игі істердің молынан жасалуы үшін керек. Атаулы мерейтойға мән беру тарихымызды тануға серпін береді. Алматы қаласы әкімдігінің шақыруымен көрші мемлекеттердегі қалалардың әкімдері мен ірі ғалымдар да қуанышымызға ортақтасатын болады.
– Артықтау естілсе айып етпессіз, алайда сол қонақтарға біз не көрсетеміз? Мысалы, дамыған елдердің Ұлттық музейлеріне бас сұқсаңыз, сөресінде самсап тұрған сан түрлі өркениеттердің куәсі де, белгісі де болған ұлттық байлығы мен жәдігерлерін бүтін күйінде көріп, салыстырмалы түрде алғанда, өз мұражайларымыздағы жәдігерлеріміздің жұтаңдығын көріп, көзімізбен жер шұқимыз…
– Неге жоқ? Ал Отырардан табылған Темір салдырған көне қаланың қуатты қалың қабырғалары мен кварталдар, сарай кешендері, мешіт, медресе, моншаны қайда қоямыз? Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін салдыруды бастағанда, ол басқа да қалалардың құрылысын қосымша жүргізуді қолға алған. Туристердің үлкен бір бөлігі Түркістан мен Отырарды көруге барады. Жібек Жолы бойындағы Айша Бибі кесенесі қонақтардың қызыға тамашалайтын орнына айналғаны қашан. Осының бәрін үздіксіз насихаттай беру керек. Қонақтарды «Алтын адам» табылған тарихи қорық-музейі қабылдайды. Соңғы 25 жылда тарих пен археологиядағы ізденістер өз нәтижесін беріп, зерттеу ісі ілгері жылжыды. Ал туристерді өзіне магнитше тартатын Италиядағы Помпейге 250 жылдан бері қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттеліп жатқанын ескерсек, 25 жыл деген не тәйірі?
– Алматы да асфальттың астында қалды дейсіз, қаншама құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүздеген метр тереңдікке дейін қазылып, метро салынды, көне шаһардың шежіресінен сыр тартатын тым болмаса бір жәдігер табылмады ма?
– «Жәдігер табамыз» деп қаланы қопарып тастай алмаймыз. Мысалы, ресейлік археологтар Мәскеуде тура Кремль кешенінің ішінен өте қызықты ғимаратты күреп тастап, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бізде де солай етсек, қанекей? Рим мен Помпейге күрек тисе болды, міндетті түрде астынан антикалық құнды дүние атып шығады. Біз армандамайды дейсіз бе? Бірақ әр істің өз сәті болады. Күтейік.
– Археология ғылымында жаңа технологиялар дамыған ба? Мәселен, УЗИ, рентген аппараттары адамның ішкі ағзасын айнадай жарқыратып көрсетіп, диагнозын табан астында айтады. Жердің астын дәл сондай тәсілмен көрсететін құрылғылар әлі ойлап табылмады ма?
– Заманауи ілкімді технологиялар бар. Археологтар қазба жұмысын бастамас бұрын әлгі құрылғының көмегімен 1,5-2 метр тереңдікке дейін байқап көріп, жердің астын сканерлейді. Қорған, қабырға болса, қанша метр тереңдікте жатқаны сол кезде-ақ байқалады. Ал ең кереметі – жоғарыдан спутник арқылы аэросуретке түсіру. Ол кезде жердің асты карта секілді көрінеді. Бүгінде космотүсіру жұмысы керемет нәтижелер бере бастады. Сызықтар арқылы көне қаланың көшесін қиналмай тауып аламыз. Жалғыз ғана күрек пен қайлаға жүгінетін заман келмеске кеткен, археологияның заманауи әдіс-тәсілдері ғылым үшін орасан зор пайда әкеліп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, тарих адамдарды, ұлттарды жақындастырады, біріктіреді. Тарихтың әр кезеңі өзінше қызық, өзінше тағылымды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
АЛМАТЫ