08 қар, 2016 сағат 14:25

Аманатқа адалдық

Жақында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне орыстың мемлекеттік М. Горький атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер Бекболат Парманов сахналаған «Аманат» қойылымының премьерасы өтті. Қазақтың классикалық эпосы – «Алпамыс батыр» жырының желісі бойынша  дайындалған спектакльдің қоюшы-суретшісі Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Юлдаш Нұрматов десек,  түбі түркі баласына ортақ жырдағы батырдың костюмдерін дәуірге сай етіп ұсынған қырғызстандық суретші Зухра Мұқамбетованың да ортақ құндылыққа айтарлықтай тер төккені байқалады.

Елордалық театрдағы «Алпа­мыс батыр» жырының сахналық нұсқасы отандық драматургия үшін тың дүние болып санала қоймағанмен, бұл спектакль  орыс драма театрлары тарихындағы эпостық туындыларға арналған шығармалардың қанатқақтысы, алғашқы қарлығашы деуге толық негіз бар.

Жалпы «Алпамыс батыр»  жыры­ның қарақалпақ, өзбек, башқұрт, алтай елі, тағы басқа түбі түркі халықтарында бір­неше нұсқалары кездесетіні мәлім. Қазақ «Алпамыс» эпосымен ХІХ ғасырдың аяғында қауышты. Оның алғашқы нұс­қасы бірінші рет 1896 жыл басылып шыққан болатын. Қазақ халқына жауһар жыр батырлар жыры ретінде жетсе, ал башқұрттарда, алтай елдерінде аңыз әңгіме, әпсана, жыр сияқты түрлі жанрда бірнеше нұсқалары кездесетіні көңілдегі көлеңкені көшіріп, көл-көсір көкжиекке бастайды. Түбі түркі халықтарының дастан, жырлары, эпостық кәусарлары да бір-бірімен егіз қозыдай ұқсас болумен қатар, қайнар-бастауына дейін бір бәйтеректің тамырынан тарап, жапырағынан жайылары ғылыми негізде тұжырымдалған түйін. Бұл жырды олардың халыққа жеткізу үлгілері мен музыкалық аспаптарда орындалу тәсілдеріне дейін өте-мөте ұқсас болғанын ғалымдар жоққа шы­ғармайды.

Халық ауыз әдебиетінде ор­ны бөлек саналатын батырлық эпос 1000 жылдан астам уақыт бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл мұрамыз болып есептеледі. Горький театры ұсынған аңыз сипатындағы сахналық шығарма қазаққа, сол сияқты барша түркі әлеуметіне ортақ байлықтың есігін театр өнері тілімен айтқанда, үйреншікті сүрлеуге соқпай, дәуір үніне сай өз соқпағымен келіп ашады. Мұнда Алпамыс әділеттілік үшін күрескен батыр ретінде ғана бейнеленбейді, қаһарман тұлғаның бүгінгі ұрпағымен рухтастығын, тәуелсіз халықтың жауынгерлік кескін-келбетін айқын айшықтауымен әсерлі. Ал сол тәуелсіздікті сақтап қалу үшін келешек ұрпаққа жүктелген аманат қандай?  Батырлар жыры жас буынды патриотизмнің өмір­шең мөлдірімен сусындатады, отансүйгіштікке баулиды, туған жерді қорғап, ол үшін қасық қанын аямаудан асқан абыройлы борыш бар ма, сірә! Бүгінгі қоғамға  ауадай қажет  тақырыпты таба білу дегеніміз дәрігердің ауру ағзаны дер кезінде дәл анықтап дұрыс ем-дом қабылдауымен бара-бар әрекет дер едік. Сол сияқты атының өзі көп ойды айтып тұрғандай, «Ама­нат» спектаклі бүгінгі ұрпақ үшін бағасы өте жоғары қойылым. Соңғы кезде даладағы ойын балаларына дейін өз халқымыздың батырларына, айталық, Алпамыс пен Қобыландыға еліктеудің орнына қай-қайдағы бір бөтен елдердің фильмдеріндегі тұлғаларды жақын тұтуы – үлкен қауіп. Бар бола тұрып, сол батырды бағалай алмауымыз, қазақтың қаһарман бейнесін тарының қауызындай жас санаға сіңдіре алмай жатуымыз өкінішті. Астаналық орыс драма театрының осы бағыттағы батыл қадамы – қуантарлық жайт. Біріншіден, Отанды қорғаудың мөлдір бастауы –батырлар жырын орынды үлгі тұтса, екіншіден, бұл қойылым тау-тасы, суы, жасыл құрағы мен сай-саласы, қыр-белесіне дейін түгелдей Тәуелсіздік тойына лайық­ты тарту болып табылады.

amanat-1«Бұрынғы өткен заманда, Дін мұсылман аманда, …Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде, Байбөрі деген бай бопты, Төрт түлігі сай бопты» деп өрілетін жауһар жырдағы кейіп­керлердің болмысын Горький театрының саңлақ әртістері шынайы шеберлікпен жеткізді. Бұл орайда Алпамыс рөлін сомдаған астаналық орыс драма театрының актері Максим Ященко мен Гүлбаршын рөліндегі жас актриса Наталья Маштакованың ойындары өте сәтті және тұшымды. Шығармашылық ұжым репертуарын толықтырған бұл спектакльге театрдың барлық дерлік әртістері жұмылдырылған. Жас әртістер мен сахна шеберлері режиссермен және суретшімен тығыз шығармашылық байланыс орнатқандықтан жауынгерлік эпостың ерекше атмосферасын сахнаға алып шыға алды. Тағы бір ерекшелік – орыс драма театры актерлерінің қазақ әндерін әсерлі орындауы. Мысалы: «жоқтау», «Туған жер» және т.б. дүниелерде халықтық сарынның бүлінбей сақталуының өзі айтарлықтай жетістік. Сондай-ақ музыкалық әрлеу кезінде тек домбыра, қыл­қобыз, жетіген, шаңқобыз, сыбызғы  сияқты қазақтың ұлт­тық аспаптарын қолдану спек­такльді ашық айдынға жетелеген желкендей тынысын кеңейте түседі. Алпамысты айрықша сүйіспеншілікпен орындаған актер Максим Ященко театрда мұнан басқа да көптеген басты рөлдерді сомдаған тәжірибелі жан. Бірде А.Касонаның «Дикарь. Третье слово…» атты шығармасында ол бозбала бейнесін орындаса, ал енді бұл қойылымда елін қорғаған батыр тұлғаны тұшымды жеткізіп берді. Актер қойылымнан соң журналистерге берген сұхбатында: «Қазақ халқында өз Отанын соңғы демі қалғанша қорғаған батырлар туралы көптеген аңыздар бар, бірақ Алпамыс образы мен үшін ерекше. Оның ел мен жерінің азат болуы үшін жасаған ерлігі осы рөлді сомдаудағы шешімімде соңғы нүктесін қойды», – десе, режиссер Бекболат Парманов: «Биылғы жыл – Қазақстан үшін ерекше жыл болып табылады.  Біз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өткелі жатырмыз. Осыны ескере отырып, біз үшін мазмұны мен көрінісі жағынан мерейтойлық датаға сай болатын материалды ұзақ уақыт іздедік. Кейін, қазақтың «Алпамыс» атты жауынгерлік эпосын таптық. Ол  барлық түркі тілдес халықтары үшін ортақ маңызды әдеби мұра болып табылады. Спектакль атын «Аманат» деп қойдық. Себебі, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұр­паққа аманат болып жеткен бұл эпосты кейінгі жас буынға жеткізу – бас­ты міндетіміз, премьерадан кейін ұмытылатын спектакльдер аз емес. Ал біз өз алдына ұмытылмас, көркемдік жағынан ерекше, сахнада ұзақ жылдар ғұмыр кешетін спектакль жасауды мақсат етіп қойдық. Және де сол мақсатқа жеткен сияқтымыз», – деді.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»