Ресейдің Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев орынбасары – әкімшілік аппаратының басшысы Алексей Зеленинді жұмыстан босатты. Сондай-ақ ішкі саясат департаментінің басшысы Нина Лопатина да қызметінен кетті.
РИА Новости хабарлағандай, Зелениннің орнына Кемерово басшысының бірінші орынбасары болып Ольга Турбаба, ал Лопатинаның орнына оның орынбасары Валентина Назимок келеді.
Зеленин губернатор орынбасары және Кемерово облысы аппаратының басшысы қызметін 2013 жылдан бастап атқарды. Бұған дейін жастар саясаты мен спорт департаментіне жетекшілік еткен.
Турбаба 1994 жылдан бастап Кемерово қалалық әкімшілігінде жұмыс істеді. 2016 жылдың сәуірінен мэр орынбасары және қала басшысы аппаратының жетекшісі қызметін атқарды.
Әкімшіліктегі тағайындаулар "Зимняя вишня" сауда орталығындағы қайғылы оқиғадан кейін болып отыр. Жексенбі күні сауда орталығында алапат өрт шығып, 64 адамның өмірін қиған еді. Қаза тапқандардың дені – балалар. Өртке қатысты іс бойынша бірнеше адам ұсталды.