2004 жылы “Егемен Қазақстан” газетіне Алтынбек Сәрсенбайұлының “Тұрақтылық дамуымызға тұсау емес, игілікті істерімізге бастау болсын” деген тақырыппен сұхбаты жарық көрді. Бұл кезде Алтынбек ақпарат министрі қызметінде болатын. Арада 14 жыл өтсе де, айтылған ойлар әлі күн өзектілігін жойған жоқ. Құнды ойлар уақыт талғамайтынын ескерсек, Алтынбек айтқан сөз бүгінгі күн үшін де маңызын жоғалтпайды. Ендеше, өткен мен бүгінді тағы бір сараптап көрелік!
─ Алтынбек Сәрсенбайұлы, сайлау алдында Президент Сізді мемлекеттік қызметке қайта шақырды. Осының сыры неде деп түсінесіз?
─ Меніңше мәселе алдымызда болғалы жатқан сайлауда емес. Мәселе сайлауға дейін немесе одан кейін атқарылатын шаруаларға байланысты. Бір сөзбен айтсақ, еліміз үлкен саяси реформалардың алдында тұр. Саяси реформалар жөніндегі әртүрлі көзқарастарды, әртүрлі ойларды немесе бірлесіп атқаратын, іс-қимыл біріктіретін жолдарды ой елегінен өткізген Президент мемлекеттік, халықтық мүдде тұрғысынан қарап, ілгері қадам басу қажеттігін алға тартты. Мені осы ұланғайыр жауапкершілігі бар шаруаны атқарысуға шақырды деп қабылдадым және мен тек осы мақсатты жүзеге асыру үшін мемлекеттік қызметке қайта оралдым. Бұл дегеніміз ─ Мемлекет басшысына саяси реформаларды жасау жолдарына көмектесу. Естеріңізде шығар, мен қызметке келер алдында жасаған саяси мәлімдемеде мынадай басты үш нәрсені айтқан едім. Олар ─ баспасөз жайлы жаңа заң жобасын дайындау, жасау, демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссия жұмысына демократиялық күштерді тарту және оны жандандыру, сайлауды әділ өткізу үшін барлық партиялар мен депутаттарға, кандидаттарға баспасөзде бірдей мүмкіндік жасауға көмектесу. Сырт көзге мұның үшеуі де ағымдағы мәселе болып көрінеді. Бірақ біріге келгенде қоғамымыздың түбегейлі саяси жүйесін өзгертуге жұмыс істейтін алғашқы тұғыр болып табылады. Осыларды дұрыс атқара білсек, қоғамымызды одан әрі қарай жаңартудың мүмкіндігі ашылады. Бұл орайда баспасөз бен билік арасында сыйластық пен жауапкершілікке негізделген қарым-қатынастың оң дәстүрін қалыптастыру аса маңызды.
Ел ішінде әртүрлі пікір бар. Бұл қызметке келер алдында мен ұзақ ойланып-толғандым. Мұндай шешімге бел байлауымның негізгі себебімнің өзі жоғарыда аталған міндеттерді атқару арқылы халқымыз бен билік арасында, Президент пен саяси демократиялық күштер арасында өзара жалғастық табатын істерге, егер екі жақта да осындай ішкі қажеттілік болса, солардың жұмысын үйлестіруге себептесетін негіз қалау еді. Ал егер де екі жақтан, билік жағынан саяси реформа қажет емес деп табылса немесе саяси партиялар жағынан саяси реформаны жүргізуі басты мәселе емес, басты мәселе тек саяси ойынның көрігін қыздыру деп табылса, онда мен бұл қызметті атқарудан бас тартуға дайынмын.
─ Қазіргі партиялар президенттік және президенттік емес деген сыңайда екіге бөлініп сипатталып жүр. Партиядағылар екі орындыққа отырғысы келеді дейтін кейбір кеңесшілердің мін таққан пікіріне қалай қарайсыз?
─ Мәселе отыратын орындықта емес. (Ертісбаев қате түсінеді.) Әзілге бұрып айтсақ, отыратын орындық үйде де бар. Сондай-ақ мәселе билік пен біздің үйлесетін немесе кереғар көзқарастарымызда емес, мәселе халықтың тағдырында. Біз халық тағдырын шындап ойласақ, онда олардың мұң-мұқтажын, әлеуметтік мәселлерін шешу, ой еркіндігіне мүмкіндік беретін жағдайлар жасау үшін кез келге қадамға баруымыз керек. Егер ол халықтың тұрмыс-жағдайына оң әсер ететін жағдай туғызатын болса. Біз бұл жөнінде биліктен іргемізді аулақ салуымыз керек. Екінші жағынан алғанда біз билікке жеткен екенбіз деп биліктің қалыптасқан дәстүріне еніп, көн-терісін киіп, халықтың өмірінен алынған, халықтың тағдыры үшін өзіміз айтқан, көпшілікті толғантқан пікірлерден, сөйлеген сөздерімізден танбауымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, егер біз билікке келсек, онда халықтың арман-мүддесін, мұң-мұқтажын, талап-тілегін өзімізбен бірге билікке ала келуіміз керек. Негізгі мәселе осында.
Президентке кім саяси реформаларды жүзеге асыру үшін көбірек қолдап, көбірек жұмыс істесе, Президенттің ең сенімді жақтасы солар деп ойлаймын. Ал Елбасына жағыну мен жақтасудың арасы тым ұлғайып бара жатқан сияқты. Қарапайым халық жағынушыдан жақтасушының көп болғанын қалайды. Біз қазір егеменді мемлекет құрып, тәуелсіздігімізді нығайтып жатқан кезде тұңғыш Президенттің абыройы бүгінгі оның қызмет етіп жатқан күндерімен шектелмеуі тиістігін және оның болашақта да тарихтың беретін бағасы болатындығын ескертуге міндеттіміз. Сондықтан да біз егер қоғамдық саяси күштің өкілі ретінде билікке аралассақ, осындай мәселелерді үнемі алға ұстағанымыз абзал.
─ Баспасөз туралы заң жобасы жайында не айтар едіңіз? Бұл заңда қандай өзгешеліктер болмақ?
─ Президент Н. Назарбаев 2003 жылы Парламентте сөйлеген сөзінде заман талабына сай жаңа заң жасау жөнінде айтып, Үкіметке тапсырыс берген болатын. Бұдан бұрынғы заңның тағдырын сіздер білесіздер. Талқыға ұсынылатын жаңа заң жобасында өзіндік айырмашылық көп. Қазір мынандай демократиямыздың, қоғамдық саяси дамуымыздың қазіргі сатысында тұрып, баспасөзге ауыздық кигізгенді, қалаған жағына жүргізгенді немесе май шелпекке тойғызып, маймөңкелетіп ұстауды жөн санайтындар да баршылық. Бұқараға бет бұрған баспасөз мұны қаламайды. Оған керегі өз бостандығы арқылы, сөз бостандығын алу, еркін ойға ерік алу. Баспасөзге еркіндік бере отырып, оның қоғам мен халықтың және жеке тұлғалардың мүддесін аяқ-асты етпеуінің кепілдігін жасау. Мұндағы негізгі түбегейлі айырмашылық баспасөз еркіндігінің қоғам алдындағы жауапкершілігімен шектелуі, ол биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігіне мойын ұсынуына негізделген. Сол арқылы біз баспасөздің жұмыс істеу мүмкіндігін кеңейтеміз.
Бүгінде журналистер немесе тұтастай басылымдар билік басындағыларды көп сынайды. Бірақ билік басындағы адам оны оқиды да, газетті ысырып қоя салады. Оған байланысты жоғарғы жақтағылар мәселе қозғамайды, ал қоғамдық ұйымдар да бұрынғыдай мән беруді қойды. Сондықтан да біз заңда егер мемлекеттік билік орындарында отырған адам сыналса және бұл сын адамдардың құқығына, қазыналық-бюджеттік қаражатқа байланысты айтылса, онда сол мемлекеттік орындағы өкілетті өкіл, жауапты тұлға сынға жауап беруге міндетті деп көрсеттік. Себебі бұл оның баспасөз алдындағы жауапкершілігін көрсетпейді, сол басапсөз таратқан қоғамдық пікірге сәйкес қоғам алдындағы жауапкершілігін де көрсетеді. Және сол баспасөз арқылы қоғамның алдында өзінің пікірін айтуы керек. Егер сыналушы өрескел жағдайға барса, онда одан жоғарғы жақтағылар баспасөз дабылына мән бере қарап тексеру жүргізіп, шара қолдануы және ол турасында жұршылықты хабардар етуі жүктеледі. Бізде қазір күлкі туғызарлықтай керісінше жағдай қалыптасқан. Баспасөзде жиі сыналған лауазымды адамдар одан да жоғары қызмет орынтағына қонжиып, тым тез өсіп жатады. Бұл қоғамдық пікірді ескермеудің салдары.
Мемлекеттік басылымдардың қоғамдағы салмағын азайтатын кез жетті. Мемлекеттік атқарушы билік өздерінің баспасөз құралдары арқылы қоғамдық ой-пікірге ауыр салмақ салмауы, басылымдар ісіне қатты араласпауы тиіс. Сондықтан біз заң жобасына мемлекеттік атқарушы билік ұйымдарының баспасөз акцияларының жартысынан артығына иелік етпеуін қарастырдық. Мұны мемлекет тарапынан баспасөзге жасалған жеңілдік ретінде қабылдайық. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда, әсіресе қазақ тіліді газеттерде соңғы он-он бес жылдан қалыптасқан ұжым бар. Газеттің акциясының 50 пайызын сол журналисттер алса, қалған бөлігін атқарушы билік немесе кәсіпкерлер алса, газет әрі мазмұнды, әрі шыншыл, халыққа сенімді басылым болар еді. Біз осы жағын ойластырсақ, ұтылмаймыз. Кейбір облыстық, қалалық газеттерді қараңыз. Әкімсіз таң атып, күн шықпайтындай. Онсыз тіпті жазарға жаңалық қалмағандай көріне-ді. Әлгі басшылар өздерін көсем санатуға құмар-ақ. Олар осы әрекетімен, мемлекеттік билік өкілі болғандықтан, ең алдымен мемлекетті ұятқа қалдырады. Одан кейін өзіне тәуелділігін пайдаланып, оны жарамсақтық күйге түсіріп, оқырман қауым алдында қадірін кетіреді. Елбасы мұндай әкімдерге әлде-неше рет тыйым саларлықтай ескерту жасады. Бірақ екі-үш айдан кейін ескі әуен қайта жалғасып жатыр.
Баспасөзде жасыратыны жоқ, кейде дәйексіз сындар да ұшырасып жата-ды. Ондай жағдайда төрелікті тек сот айтып, баспасөз тағдырын әділ шешкені жөн. Соттарға сырттан ешкімде – биліктегілер де, баспасөз құралдары да қысым жасауға тиіс емес.
─ Газеттерді, телеарналарды сотқа сүйреп, өз ар-ождандарына нұқсан келтіргені үшін шектен тыс көлемде айып тарттыруды сұрайтындар жиілеп барады. Ондай айыппұлдың белгіленген көлемі бола ма?
─ Иә, ар-ождандарын милиардтаған теңгеге дейін бағалайтындар да табылады. Сондықтан біз бұл мәселе жөнінде заң жобасына шектеу қойдық. Егер баспасөз құралы жыл ішінде бірінші рет бір адамның ар-ожданына тиетін материал жариаласа, сот солай деп есептесе, онда ол адамға төленетін айыппұл газеттің бір айлық табысы көлемінен артпайтындай мөлшерде белгіленбек. Ал журналист кінәлі болып табылған жағдайда айыппұл журналисттің үш айлық табысынан артпауы тиіс. Егер бұл жағдай екінші рет қайталанса, онда айыппұл газеттің үш айлық, журналисттің алты айлық табысы шамасында белгіленеді. Мұндай жағдай әдетке айналып, жыл ішінде үшінші рет орын алса, онда сот өз шешімін шығарады.
─ Сыналған адамның сотқа шағым беру мерзімі шектеле ме?
─ Ол бір жыл көлемімен шектеледі. Ол мерзімнен өткен соң, сот шағым-арызды қабылдамайды. Заң жобасына енген мұндай ұсыныстар әлі талқыланады.
─ Елдегі саяси жағдай орнықтылығы, тұрақтылық ұлтаралық қарым-қатынастың жарасымдылығымен ғана шектелмейді ғой.
─ Қоғамда он жыл бойына жүргізілген ауыр экономикалық реформалардың негізінде біршама әлеуметтік тұрақтылық орнықты. Оны жүргізілген саяси зерттеулерде көрсетті. Біз бұл арада бір нәрсені мықтап еске ұстағанымыз мақұл. Тұрақтылық дамуымызға тұсау емес, жақсы ісімізге бастау болсын. Егер біз тек тұрақтылықтан фетешизм жасайтын болсақ, онда бұл тұрақтылыққа жатпайды. Өйткені, тұрақтылық тек даму барысында қалыптасады. Менің есімде, Президент 1993 жылы үлкен реформаларға барар алдында, Парламентте сөйлеген сөзінде мынаны айтқан еді. Кез келген кеменің суда тұруына мүмкіндік беретін нәрсе – оның зәкірі. Біздің зәкіріміз бар екен деп оны суға тастап қойып тұра берсе, ол таттанып, шіріп кетер еді. Кеме жүзу үшін жаралған. Қоғам да сол сияқты, үнемі қозғалысты, дамуды қалайды.Тұрақтылықтан зәкір жасап, оны тастап қойып, белгілі бір биліктің ғана мүддесі үшін қоғам дамуын тежеу замана заңдылығымен үйлеспейді. Бұл ерекше ескеретін қағида. Тек алға жүрген қоғам, үнемі дамып отырған қоғам ғана өз мақсатына жетеді.
Біз ТМД елдерінен алда келеміз, жағдайымыз тәуір деп өзімізді өзіміз жо-ғары бағалаймыз. Жігерлендіру, талаптандыру үшін айтылған бұл сөзді жиі қайталаған сайын: “Басқа өркендеген елдерден қалай екенбіз ? ” – деген сияқты бөгде сауалдар да қайта-қайта құлақ қылтитатынын қайтеміз? Әлжуаз адамнан өзін күшті санайтын, ал нағыз мықтының қасында өзі ешнәрсеге татымайтынның бос мақтангөйлігі бізге жараспайды. “Мақтанбасқа мақтанып, деп жүріппін пысықпын”, деген Абай атамыздың сөзін қаперімізге сақтайық. Сан мыңдаған халыққа ақпарат құралдары арқылы тарайтын орынсыз мақтаннан ада күйінде жеткені жөн-ақ.
Бүгінгі индустриялық-инновациялық қорлардың құрылуы өте дұрыс мәселе. Бірақ бұлардың жүзеге асырылуы елімізде қоғамдық саяси реформалар дамыған жағдайда ғана өз үрдісін табады деп ойлаймын. Себебі, қазіргі кезде мемлекеттің қалтасынан осы бағдарламалар үшін шығарылып жатқан милиардтаған ақша тек шын мәніндегі Парламенттің, шын мәніндегі баспасөздің бақылауымен, шын мәніндегі облыстардағы халық сайлаған мәслихаттардың бақылауымен ғана жұмсалуы керек. Олай етпеген жағдайда бұл орасан зор қаржының ізім-ғайым жоғалып кетпесіне кепілдік қане? Егер мұндай жағдай сақталып қала берсе, әртүрлі министрліктер, әкімдіктер үлкен қаржыны қажет ететін сан алуан бағдарламаларда ойлап тауып, оның жұмсалуының нәтижесін ойламастан, жеке бастары үшін талан-таражға салуы әбден мүмкін. Бағдарламаларға бөлінген қаражаттарды бөліске салудан қолдары босамайтын шенеуніктерден не қайыр? Біз осындайлардан іргемізді аулақ салатын қоғам құруды, өзгерістер жасауды қаласақ, оның іске асыру тетігі ретінде саяси реформаларға жүгінеміз.
─ Тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуы әрқайсымыз үшін аса бағалы құндылық. Біздің елімізде шектен шығарып, арнасынан асырып жіберетіндей, тыныштыққа қауіп төндіретіндей әлдеқандай күштер бар ма? Кейде әр нәрседен секем алып жатамыз, осынымыз қаншалықты орынды?
– Бізде саяси экстремизмнің негізі жоқ. Саяси экстремизм қандай жағдайда туады? Ол сепаратистік пиғылдың топырағында дүниеге келеді. Әлемдік тәжирбие соны көрсетеді. Бізде құдайға шүкір, ондай сепаратистік пиғылдар жоқ. Саяси экстримизмнің екінші бір түрі діни бағытта туындайды. Бізде ондай қауіптің ауылы алыс. Хизбут-тахрир сияқты неше түрлі діни экстримистік топтар Қазақстанда қанат жаяды, болашағын табады дегенге мен өзім сенбеймін. Қоғам қойнауында жатқан, талқыланатын, дамудың бір сатысынан келесі сатысына өтер тұстағы қордаланған мәселелерді шешудің жолы дұрыс қойылған жағдайда саяси экстремизм мүлде болмайды. Егер біз белгілі бір топтың пікірін саяси демократиялық дауысқа салу, рефрендумдар, қоғамдық пікірталастар арқылы шешіп отырмай, оларға тек әкімшілдік-әміршілдік әдетпен, бір сөзбен айтқанда күшпен, қоқан-лоққымен әсер етуге тырыссақ, ол шағын да болса саяси экстремизмнің негіздерін қалыптастырады. Сондықтан билік пен қоғамның алдындағы жауапкершілік осында деп білеміз. Экстремизмнің қандай да бір түріне жол бермеу үшін оның алдын алған орынды.
─ Сайлау қарсаңында барлық саяси партияларға және депутаттыққа кандидаттарға баспасөзде үгіт жұмыстарын жүргізуге бірдей мүмкіндік жасалып жатыр. Саяси партиялар мемлекеттік басылымдар арқылы да өз бағдарламаларын жұртқа таныстыруға кірісті. Мұны жұртшылық құп көрді. Ол алдағы уақыттарда өз жалғасын табар ма екен?
─ Меніңше, біздегі “Сайлау туралы” Заңға бірнеше өзгерістер енгізу қажет. Ол болашақтың ісі. Біріншіден, сайлау басталғанға бір ай қалған мерзімде бүкіл баспасөзде партиялар туралы жарнамалауды тоқтату керек. Сайлау жарияланған күннен бастап, баспасөз бетінде тең жағдай жасалуы тиіс. Мәселен, бүгінде билік-ке жақын партиялар халық қаржысынан шығып жатқан газет-журналдың бетін бермейді. Бұл “Сайлау туралы ”Заңның бақылауына түсетін кезең қарсаңындағы жағдай. Мемлекеттік саналатын басылымдарға қарасақ, бір-екі партиядан басқа елімізде партия жоқ сияқты көрінеді. Ал ақиқат бұдан мүлдем басқа ғой. Оны былайғы жұрт жақсы біледі, содан соң іштей реніште қалады. Сіздердің газеттеріңіздің оқырмандары бір партияның ған мүшесі емес, бұл да ақиқат нәрсе. Сондықтан, әр басылым өз оқырмандарын сан алуан көзқарастағы, пікірдегі адамдар екендігін ескерген жөн емес пе? Мұны бәлкім заң арқылы реттеуге тура келетін шығар.
Билік партиясын насихаттаған жайы осы екен деп оны кезкелген ұсақ-түйекке араластырып, орынсыз әрі жатанды мадақ-дақпыртпен дәріптей берудің кері әсері тиетінін де ескерейік. Бүгінгі ақылды оқырманды алдай алмайсыз. Жалпылама жарнамалаудың жұртшылықты жалықтыратыны белгілі. Біз Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, бірыңғай Ереже жаздық. Меніңше, ол барлық жағынан дұрыс қамтылса керек. Ереженің негізгі маңызы мынада: сайлау кезінде бүкіл баспасөзде кандидаттар мен саяси партияларға бірдей тең мүмкіндік беріледі. Егер газеттеріңіз бір кандидатқа сөз берсе, онда екіші кандидатқада сөз беруге тиісті. Бұл заң талабы әрі басты қағида. Сайлау тұсында белгілі бір адамның ар-ожданына нұқсан келтіретін кандидаттың мақаласы шықса және ол сот шешімімен дәлелденсе, онда газет сол адамның мақаласын және соттың шешімін жариялауға міндетті. Бұл баспасөзді бір жақты кетуден сақтандырады. Баспасөз құралдары сайлау кезінде кандидаттар мен партиялардың материал-дардын тек ақылы түрде, сайлау қорларынан төлем жасау негізінде ғана жариялайды. Әсіресе, бұл саяси партияларға қатысты. Жарияланым көлемі бөлінген қордан асып кетпеуі керек. Орталық сайлау коммисиясы қаражаттың жұмаслуын тексеріп отырады.
Айта кетерлік тағы бір жетістік бар – “Хабар” және “Қазақстан-1” телеарналарында төрт саяси пікір сайыс болады. Қазақстандағы 12 саяси партияның барлығы жұртшылық алдына шығып, Парламенттің қоғамдағы рөлі, экономикалық, әлеуметтік, жастар ісі мәселесі бойынша арнайы пікір сайыс мәселесіне қатыса алады. Халық сол арқылы кімнің кім екенін танып біледі. Меніңше, бұл біздің үлкен жетістігіміз. Министрлік тарапынан ұсыныс айтылып, тағы бір қол жеткен мәселе бар, ол ─ жеке иеліктіегі немесе акционерлік қоғамдарға қарасты телеарналарда да осындай пікірталастар өткізуге депутаттықа үміткерлер үшін мүмкіндіктің жасалғандығы. Демек, бұрынғы сайлауларға қарағанда, бұл сайлауларда көрерменнің, яғни сайлаушының таңдау мүмкіндігі ұлғайды, хабар алу мүмкіндігі артты.
─ Газет бетіндегі сот арқылы дәлелсіз деп табылған сын үшін жауапкершілік оны жазған, не айтқан депутаттыққа кандидатқа жүктеле ме, әлде оған газетті де кінәлі деп санай ма?
─ Оған тек қана депутаттықа кандидат жауапты болады.
─ Тұрақтылық туралы ұғымды қалқан ретінде пайдалантын әкім-қаралар жоқ емес. Олардың баспасөз не саяси партиялар айтқан сындарды іріткі салу тұрғысынан бағалайтын сәттер де ұшырасады. Бұл туралы сіз не айтар едіңіз?
─ Иә, ондайлар да бар. Сен тұрақтылыққа қарсы әрекет етіп отырсың деп айыптағыштар облыстан да, ауданнан да табылады. Саяси партиялардың немесе газеттердің кінәсі неде дейсіз ғой? Олар жергілікті бюджеттің қаражаты қайда жұмсалды, көзбояушылықтың салдарынан жеке қалталарға сүңгіген ақшалар неге қайтарылмайды дейтіндей сұрақтарды қойғаны үшін жазықты саналып жатады. Шын мәнінде, ел ішіне іріткі салатын әлгіндей әкіреңдеген әкімдердің солақай шешімдері емес пе? Олар жеке бастарының тұрақтылығы үшін әрекет етеді. Ал дамуға кедергі жасау – қоғамадағы тұрақтыққа тікелей қатер төндіру мен тең. Даму әртүрлі көзқарас, пікірлерсіз, ақиқаттың ашылуынсыз мүмкін емес. Өйткені, онсыз қозғалыс қарқын алмайды, бақылаусыздықтан ретсіздікке, тоқырау тоғышарлыққа ұрынады.
Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Президент Жарлығымен қызметінен босатылды. Себебі, ол аталмыш аймақтың дамуы мен қоғамдық саяси дамуы өресіне кедергі жасады, ондағы қоғамдық саяси күштермен қақтығысқа келіп, сол облыстағы тұрақтылықа өзі қауіп төндіре бастады. Президенттің осындай шешім қабылдағанына Ақтөбеліктер қуанып отыр. Өйткені тұрақтылық олар үшін де аса қажет. Мұнадай мысалдардың Қазақстанның әр жерінен кезігетіні өкінішті.
Бұдан бұрынғы сайлаулардың қай-қайсысы да дағдарыс кезеңдерінде, елдегі ауыр жағдайларда өтті. Біз бірінші рет Қазақстанның дамуы барысында сайлау өткізуге мүмкіндік алдық. Бұл кезде біздің барлық қарым-қабілетіміздің, мүмкіндігіміздің ашылуы табиғи құбылыс деп санаймын. Билік орындарының ашықтығы, қоғамдық-саяси күштердің екпіндігі, сайлаушылардың ынталығы, осының барлығы да біздің Қазақстанның ішкі қарым-қабілетін айғақтайды. Біз билік басында отырып, бұл сайлауды әділ өткізбесек, халықтың бізден түңілуі әбден мүмкін. Себебі, осындай орныққан даму барысындағы қоғамымызда біздегі билік шындық бетіне тура қарап жалтармасын. Күллі қойылған сұрақтарға осы кезде жауап беруден тайсалудың реті жоқ.
Сайлау қай кезде әділетсіз өтеді? Облыс, қала, аудан басшылары елдегі қадірлі ме, қадірсіз бе, белгісіз адамдарды апарып, әртүрлі партияларға таңады да, биліктің атынан халыққа тықпалайды. Ал халық оларды қабылдамайды. Билік болса күш көрсетіп қамшылайды. Бұдан барып сайлау тәртібі бұзылады, адамдар-дардың Конституция берген құқыларына нұқсан келеді, ашу-ыза, реніштуады. Содан соң билікке қарсы наразылық күшейеді. Сенім жоғалады. Ал кез келген партия, мейлі ол президенттік немесе президенттік емес партиялар болсын, халықтың қалаулы азаматтарына үміт артып, ел алдында беделді азаматтарды тіркетсе, қамшы салдыртпай өтетін кандидаттарды салса, онда сайлаудың шырқы көп бұзылмайтын еді. Бізде, қарасаңыз, әркім өзінің танысын немесе өзінің кәсіпкерін,немесе әкімін қалайда өткіземін деп тырысады, бұл үшін жоғары жаққа міндеттеме алады, сол арқылы сайлауды дауға айналдырады. Бұл сайлау заң талаптарын қатаң сақтамай өткізілсе, әділетсіздікке жол берсе, халықтың көңіліне кірбің түсіретін сайлау болса,онда біз биылғы жылғы ең үлкен саяси қателікке ұрындық деп есептейміз. Сондықтан, барлық жерде, елдің тыныштығын ойласақ, дамуына мүдделіміз десек, Қазақстанда қандай азаматтар ел үшін қызмет етуге дайын екендігін танып білгіміз келсе, халық арасындағы билікке деген сенімді нық қалыптастыруды көздесек,осы сайлауды адал өткізуге міндеттіміз. Президент Н.Назарбаев осыны талап етіп отыр.
– Әкімдердің сайлауға араласуына заң рұқсат етпейді. Бірақ үйреншікті ескі әдеттен арылмаушылық көріністері байқала ма, қалай?..
– Иә, әкімдердің ондай әрекеттерін, қанша жасырып жапса да, жұрт көріп жүр. Депутаттыққа кандидаттыққа түскен кейбір әкімдер маған міндетті түрде сенімді өкіл боласыңдар деп әртүрлі қызметтегі, кәсіпкерліктегі адамдарды зорлықпен өз жағына тартып жатқан мысалдарын естіп жүрміз. Күштеп қол қойдырып жатқан аудан, қала әкімдерінің немесе олардың орынбасарларының әділ сайлау жағдайында жеңіске жете қоюуы неғайбыл. Әлгіндей жағдайлар басшылық сеніп тапсырған адамдардың ойлау дәрежесінен, сана-сенімінің қарапайым халықтан артта қалғандығын көрсетеді. Егер депутаттыққа түскен басшылар іскерлігімен, халыққа жұғымдылығымен, ақылдылығымен сайлаушылар алдында бедел жиса, онда күш көрсетудің, билікті асыра пайдаланудың ешқандай да қажеттілігі туындамас еді. Халық өз еркімен қолдаушысына айналып, оның сайлануына мүдделік танытары анық қой. Мектеп мұғалімдерін, дәрігерлерді күштеп белгілі бір партияға кіргізу, мынаған дауыс бересің деп нығарлау, олай етпеген жағдайда қызметіңмен қоштасасың деп сес көрсету заңға да, адамгершілікке де сыймайтын әрекет. Бұл жергілікті билік басындағылардың парасатының, адами мәдениетінің төмендігін әшкерелейді. Сонымен қоса, жалпы мемлекеттік басқару туралы халық арасында теріс пікірді қалыптастырады.
Әр бастықтың өзі басқарған мекеме-ұжымның оқу орындарының қызметкерлерін өзі кірген және өзі басшысының бірі болып саналатын партияларға кіруге күштейтіні туралы баспасөзде аз жазылып жүрген жоқ. Журналисттер менен әзілдеген болып: “Сіз басқарған министрлік қызметкерлері Сіз қалаған партияға мүшелікке өте бастаған шығар?” – деп сұрайды. Мен оларға былай деп жауап беремін: “Бірде бір қызметкер немесе әріптесім ол партияға кірген жоқ. Егер мен ол қызметтен кеткен кезде, адамдар біздің партиямызға кіріп жатса, онда мен өз қызметтік парызымды дұрыс атқарған екенмін деген сенімде қалар едім”.
— Бүгінгі күннің баспасөз көңіл бөлер тақырыбы ретінде қандай мәселелерді айтар едіңіз?
— Статистикалық деректерге қарасақ, еліміздегі 2 милионға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтамассыз етіп отырған көрінеді. Бұл негізі ауылдағы халық. Демек, есігінің алдындағы алақандай жерді тырмалап, қорасындағы азын-аулақ малын баққан адамдар. Рас, бұл адамдар күнделікті күн-көрістің қамымен жүр, оларда ешқандай даму, әлеуметтік жағдайын жақсарту мүмкіндігі жоқ. Бала-шағасын ауқатсыз қалдырмауды ғана күйттеген милиондаған отандастарымыздың бұл жағдайы қабырғамызға батады.
Біз өзімізді дамып жатқан ұлт қатарына қосқымыз келеді. Әлгі көрсеткіш осындай көрікті ойымызға бадырайған қара көлеңкесін түсіреді. Әр ауылдың, оны мекен еткен әр әулеттің даму, кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігі болғанда ғана біз өркениетке қол созамыз. Мұның бәрі қаражатсыз іске аспайды. Ал қаражат көзі жұмыссыздық тұрғанда ешқашан шешілмейді. Мені қатты алаңдататыны – ауылдағы жұмыссыздық. Мұны қалай шешуге болады? Әр ауылдан еңбек етуге, кәсіпкерлікке баулуға лайықты саналған жастарды жиыстырып, олардың бәріне кәсіптік мамандық беріп, еліміздің батысындағы игеріліп жатқан және де алдағы кезде игерілетін жерлердегі мұнайлы өлкелерге аттандыруымыз керек. Баяғы комсомолдық жолмен тыңға, БАМ-ға жіберген сияқты елдік шараларды іске асыру керек шығар. Еліміздің кемінде елу жылы осы мұнаймен етене байланысып өтеді.Мұнай құбырларында,тасымалдау,өңдеу орындарында жұмыс істеп, қызмет етсе, онда әр ауылдың азаматы кемінде бір-екі әулетті асырар еді. Журналисттер көтеретін тақырыптың бірі – меніңше осы. Жұмыссыздық көп, оңтүстік өңірлердегі түйткіл мәселелерді шешуді жолға қоюдағы қоғамдық пікірдің үлес салмағын бағалай білсек, сіздердің барша әріптестеріңіз бұл істен сырт қалмайды деп сенемін. Экономиканың жылына 9 пайыздық дамуы қарқыны бар Қазақстанда жұмыссыздықтың белең алуы түсініксіз жәйт. Мұнайлы өлкелерге ауыл адамдарын бағыттау жөнінде мемлекеттік бағдарлама жасалынса, тіпті де артық етпейді.
— Баспасөзде шығып жатқан ойлы мақалаларға Елбасы әркез назар аударып, соған сәйкес тапсырмалар да береді. Өкінішке қарай, жоғары басшылықты мемлекеттік қызметкерлер арасында мұндай көңіл бөлушілік жетіспейді.
– Баспасөздің негізгі қызметі қоғамдық пікірдің сапалық жағынан жоғары деңгейде қалыптасуына қызмет ету. Ал қоғамдық пікір қоғамды дамытушы, ілгері бастырушы үлкен күш. Қоғамдық пікірді ескере отырып, мемлекеттік органдар шешім қабылдайды. Демек, баспасөздің шынайылығы, талас тудырмайтын, ақиқаттан айнымайтын адал сөзі пәрменді әсер етеді. Біздің баспасөзіміз мемлекеттігіміздің іргетасының қалай қалағандығын ғана бақылап қоймай, қалай қаланатындығына да жөн сілтей білетін біліктігін танытса қане! Мемлекетігімізді нығайту үшін атқарушы биліктің немесе Парламенттің ғана қарқыны жеткіліксіз.
Бізде патриотизмге, мемлекетшілдікке тәрбиелейтін құрал — баспасөз. Ешбір адамға сен мынадай патриотсың деп таңуға болмайды. Мынадай ойдың, идеяның өкілі боласың деп таңу да жасандылық. Мұның ешқайсысы да патриотизм емес, оны қалыптастырмауға керісінше жасалған әрекет. Егер баспасөз бүгінгі күндердегі адамдардың іс- әрекетін, ұлтымыздың тәуелсіздікке құлшынысын көрсетсе, осы елдегі мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттап бере алса, онда адамдардың патриоттық сезімдерін оятып, қалыптастыруға септігін тигізеді. Бізге танымдық мақалалар өте керек. Социализмнен кейінгі күйреуік санадан арылуды ойлайық. Ұлт ретінде толыққанды екендігімізді баса көрсеткен абзал. Өмірге деген құштарлықты тудыратын, жігерлендіретін, алға ұмтылдыратын, өз қабілет мүмкіндігіне сенімділігін күшейтетін, елінің ертеңіне сендіретін жарияланымдар ауадай қажет. Нақтылы дерек-дәйектермен жазылған иланымды дүниелер неғұрылым көбірек жарияланса, соғұрылым баспасөз парызын өтейді. Газет оқитын, теледидар көретін адам рухани қазынадан сусындағанда ғана жақсылыққа, жаңалыққа құштарланады, бойкүйездіктен, уайымшылдықтан арылады. Ұрапғының жақсы өмір сүруіне қолдан келер қарекетін жасап бағады.
Дағдарыс кезеңінде бразилиялық, латынамерикалық ұшы-қиыры жоқ телесериалдарды тамашалап, көңілдеріне алданыш тұтқан адамдардың бүгінгі санасына әсер етерлік, рухани-қажеттіліктерін қанағаттандырарлық өзге дүниелер, ұлттық төл туындылар ұсынайық. Дамитын қоғамға жүдеушіліктен арылатын жігерлі баспа, теледидар сөзі керек.
— Қазір теледидарда қатыгездікті насихаттау көбірек белең алып кетті емес пе?
— Қылмыстық телесериалдар бірте-бірте экрандардан өшеді деп ойлаймын. Жан түршіктірерлік қанды оқиғалар қызықтаудан қалып барады. Мен сізге мынадай бір мысал айтайын. Менің Бекжан деген кіші балам Ресейге елші қызметіне барар кезімде, жолға жинала бастағанда: “Ол жаққа бармай-ақ қойсақ қайтеді, ол жақтың бәрі толған бандит” – дейді. Мұны саған кім айтты? Ресейде жағдай ондай емес, - деймін балама. “Теледидарға қараңызшы, ол жақта күнде атыс болып, бірін-бірі өлтіріп жатады ғой”, - дегені. Мен кейін осыны Ресей Федерациясының сол кездегі Мәдениет министрі М.Е. Швыдкойға айттым. Міне, баланың көзімен Ресейдің бейнесі қалай қалыптасып жатқанын аңғарасыз ба? – деп. “Бандиттік Петербург”,“Шамдары шағылған көшелер”, т.б. фильмдерді қараңыз. Қарапайым теледидар көруші үшін адамдарды өлтіру мен оларды өлтірген қылмыскерлерді іздеушілерден басқа мәнді, қызықты ештеңе қалмаған- дай пікір туғызады. Біздің ойымызды, санамызды басқа жаққа бұратын, көңілімізді көріктендіретін, ұлттық құндылықтарға бағытталған баспасөз, теледидар өнімдері, шығармашылық дүниелері жасалса дейміз. Социализмнен кейінгі бос аралықта пайда болған арзанқол, идеялық мешеуліктегі шетелдік қоқыстардан телеарнамызды тазартатын мезгіл жетті. Ресей халқы бірте-бірте Пушкиніне, Шукшиніне оралып жатыр. Біз де өзіміздің ұлттық қазынамыз бен қайта қауышармыз.
— Осы арада өзіміздің телеарналардағы бетбұрысты қалай бағалайсыз?
— Маған қазіргі бірінші телеарнаның аяқ алысы ұнайды. Себебі, бұл арна ұзақ жылдары бойы, дағдарыс кезеңінде көп қиыншылықтар көрді. Қазіргі бюджетте пайда болған қаражат мүмкіндігі олардың қайта жандануына мүмкіндік берді. Насихаттауға болатын, кез келген қоғамдық пікірдегі мәселелерді ұлттық нақыш пен түрге салып беру әдісі дұрыс қой деп ойлаймын. Осы үрдісті одан әрі жақсылап дамытса, бұл телеарна ұлтымызға да, барлық халқымызға да басқаларынан гөрі жақындай түсері даусыз.
— Бәсекелестік экономика саласына ғана емес, біздегі баспасөзге де тікелей қатысты және тән нәрсе. Осы салада республикамыздағы ахуал қандай?
— Мемлекетімізде бәсекелестікте бәріне бірдей тең жағдай жасауымыз керек. Мемлекеттің бәсекелестікке тікелей өзінің араласпауын, қарауындағы басылымдарға ерекше қамқорлық жасамауын негізгі шарт дейміз. Мемлекеттің қолында көп күш бар. Сол күшті қолдану арқылы еріксіз бір жақтылыққа ұрынса, өз баспасөзіне ерекше жағдай тудырса, мұнысы болашақты болжағандыққа жатпайды. Жергілікті жердегі мемлекеттік ұйымдардың басшылары қызметкерлерін белгілі басылымдарға міндеттеп жазуды қолға алады. Мұның зияны әлгі басылымның өзіне тиеді. Күндердің күнінде онадай аялы алақан қам-қорлығынан ажыраған сәтте, көштің ескі жұртында қалып қояды. Өзіне сенген газеттер ғана қызықтылығымен, тартымдылығымен, мазмұндылығымен тұрақты оқырмандарын төңірегіне топтастырады.
Адамдардың өз таңдауы өзіне тиетін күн жуықтады. Сыртқы күштердің әсерімен басылымға жаздырту – бәсекелестікті бұзудың зиянды жолы. Бірдей жағдай дегеніміз мемлекеттарапынан болатын тапсырысты құрылтайшысына қарап емес,газеттің қоғамдық пікірдегі орнына қарап беру керек. Мемлекет өзінің идеясын кеңіне таратамын десе, онда қоғамдық тапсырысты қалың қауымнан қолдау тапқан газеттерге бергені әлде қайда тиімді. Бәсекелестік, қазақ басылымдарының ішкі құрылымдарына қарасақ, бұрынғы кеңес дәуірінен қалған немесе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шыққан 5-6 газеттің арасында орныққан. Аймақтарда, қалаларда шыққан басылымдар да жетерлік. Тіпті ұлтымыздың табиғатына жараспайтын анайы басылымдар да шығып кетті. Заң бойынша оларға тыйым салынады. Бәсекелестіктің шынайы көрінісін кейінгі кездерде шыққан жаңа газеттер арасынан байқаймыз. Маған ұнайтыны – олардың арасындағы сыпайы бәсекелестік. Қазақ басылымдары ұлттың, жердің, тілдің тағдырына қатысты мәселелерде бірауыздылық танытады, мұнда ешқандай бәсекелестік жоқ. Бірін-бірі қолдау бар. Ал енді нарықтағы бәсекелестіктің негізін журналистер қалайды. Қазірдің өзінде журналист кадрларының жетіспеушілігі сезіліп қалды. Таяудағы жылдарда ол тіптен ұлғая түспек. Журналистика факултетіндегі студенттер саны ұлғайған жоқ. Жасыратын несі бар,басқа мамандықтағы адамдар, шала сауатты журналистер қай басылымдарда да ұшырасады. Әрине, олардың кәнігі қаламгерлер қатарына қосылуына уақыт қажет. Меніңше қазақ журналистикасында Сейдахмет Бердіқұловтың, Оралхан Бөкейдің, Шерхан Мұртазаның мектептерін, теледидарда Сағат Әшімбаевтың мектебін және басқа да ұлағат тұтар орталарын жандандыруымыз қажет. Журналистика саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ағаларымыз – бұл істен шет қалмағанын қалаймыз. Олар жоғары білім ордаларында немесе жастар көбірек шоғырланған басылымдар жанында өз мектептерін құрып, дәріс бергендері қандай тамаша болар еді.
– Депутаттыққа кандидатыққа тіркелген үміткерлер арасындағы журналистер қатары осы жолы молдау көрінеді. Әріптестеріміздің бұл қарекетін қолдайсыз ба?
– Сайлауға түсуге әркімнің құқы бар. Жай журналисттер сапына қосылып, қалам ұстап дүрмекке ілінгендердің бәрі бірдей халыққа танымал емес. Олардың сайлауда жеңіске жетеріне күмәнім бар. Ал бүгінгі күннің өзінде қоғамдық ой-пікірді маңайына топтап, сол үшін күресіп, қиыншылықтармен бетпе-бет келіп, оларды жеңе білген журналистер мен газет редакторларына халық сенімін білдіреді деп ойлаймын. Журналист өзінің табиғатынан әділеттілікті іздеуші адам. Сондықтан да ол халыққа жақын, оның көп проблемаларын жанымен сезінеді, маңызды тақырып ретінде күн тәртібіне қойып жазады. Бірақ, ол мәселелер шешімін таппай қалып жатады. Журналист енді сол шешімді қабылдайтын жерге, мәселен Парламентке кіріп жұмыс істеуді қалайды. Бұл ел талабын ескергендік. Соны тиісті орындарға жеткізудің бірден бір жолы ретіндегі Парламентке баруды ойлаған әріптестерімді мен осы қырынан түсінемін. Мұндай қаламдастарымызды құптаймыз және қолдаймыз.
Кейде қазақ басылымдары мен орыс тіліндегі басылымдар арасында түсінбеушіліктер көрініп қалады. Бұл бәсекелестікке жатпайтын жағдай. Қазақ журналистикасы басқа ұлттың мүддесіне келетіндей әрекетке барып, мұқатуға, өздігінен ұрынуға әуес емес. Орыс тілді басылымдарда жұмыс істейтіндерінің көпшілігі қазақ жігіттері мен қыздары. Орыс тілді қазақтар мен қазақ тілді қазақтардың өзара бәсекеге қалай түсіп жатқандығын қараңыздар. Ұлттың тіліне, білім алуына қатысты жәйттарда алакөздік аңғарылады. Арадағы қолайсыз пікір таластарға шоқ тастап алаулата бермей, соны ортақ пікірге шақыратын орталық керек сияқты. Мен министр ретінде бұл мәселенің дұрыс шешімін табуын қолға алмақпын. “Бұл тілдің жәйбарақат жантәсілім етуіне мүмкідік беріңдер” дейтін бір мақала орыс тілді бір басылымның жөнсіздігін көрсетті. Мұндайларға, әрине, топтаса тойтарыс берген мақұл.
Мен өткен баспасөз маслихатында сайлауға тек кандидаттар түсіп жатқан жоқ, сайлауға баспасөз құралдары да түсіп жатыр деген едім. Осы кезеңде қай баспасөз адал, жақсы қызмет етсе солар халық құрметіне бөлінеді. Сайлаудан кейін де, халық сол басылымдарға жазылатын болады. Бүгін ер-тоқымын бір жағына аударып, бір жақтылыққа ұрынған басылымдарды ертеңгі күні көпшілік оқудан қалады. Әркімнің де саясаттан дәмесі бар. Қолдап, қоштағысы келеді, бірақ сайлау бәріне бірдей сын. Сайлау кезінде барлық ақпарат құралдары шынайылықтан, турашылдықтан, әділдіктен ауытқымай жазғаны, теледидар, радио арқылы болмысты бұрмаламай нақтылы көрсеткені абзал. Олар халыққа шындықты жеткізуші құрал ретінде көрінуі тиіс.
Әңгіменің соңында мынандай бір оймен де бөлісейін. Сайлау депутаттыққа кандидаттарға сын екендігі жиі айтылады. Сайлау оның барысын көрсететін бұқаралық ақпарат құралдарына сын дегенді айтып отырмын. Мұның бәрі маңызды. Бірақ бәрінен де маңыздысы – сайлау ең алдымен сайлаушыға, сол кандидаттардың арасынан ең лайықты азаматты таңдаушыға сын. Иә таңдаушыға. Жалпы, “выборы” сөзін тек бір тұрғыда –“сайлау” деп қана түсіну баяғы кеңестік кезеңдегі сананның сарқыншағы. Ол кезде сайлау мерекедей қабылданатын. “Сайлау”, “ Сайлаубай” , “Сайлагүл” сияқты есімдер сол сайлау күндерінде туғандарға қойылатын. “Комунисттер мен партияда жоқтардың бір тұтас блогына” дауыс беру кезінде балама деген болмайтын, ұсынылып, сайланбай қалу деген кездеспейтін. Сондықтан да, сайлау – азаматтық парызды атқарудың құрметті рәсімі сияқты өтетін. Сөйте-сөйте бұл сөздің түпкі мағынасына нұқсан келді. Бара-бар сайлау кәдімгі жиналыстың президиумына сайлау болып кетті.
Ал негізінде “выборы” сөзінің дәл аудармасы -“таңдау”. Лайықтыны таңдау. “Сайлау” “избраниеге” көбірек келеді. Бұл айтылған “сайлау” сөзін ендігі жерде “таңдау” деп алайық деген ой тумайды. Қазақтың “сайланып шыққан” деген сөзі де таңдаулылар жөнінде айтып тұр ғой. Би сайлауы, болыс сайлау деген сөздер де орнығып кеткен. Мәселе ұғымның атында емес, затында. Ал заты – сайлауда бізге таңдау құқы берілетіндігінде. Бұл – әрбір азаматқа артылар үлкен сенім. Әр адамның осы таңдау құқын қалай пайдалануы күні ертең еліміз Парламентіне кімдер келерін, олардың қандай заңдар қабылдайтынын айқындайды. Ал кез келген елдің келбетін көрсететін басты белгінің бірі – Парламент екені сөзсіз.
— Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Әлисұлтан Құланбай,
2004 жыл