Фото: Маңғыстау облыстық ПД баспасөз қызметі
Маңғыстау облысы полиция департаменті мемлекеттік сатып алулар сайтында сыйлыққа арналған сағаттар сатып алатынын жариялады. Бұл туралы өңірлік Lada.kz басылымы жазды.
Шенділер бірден 180 данасын алуға тапсырыс берген. Қазір өнім берушілерден өтінімдер қабылданып жатыр, ал өтінім қабылдау бүгін 17:45-те аяқталады.
Басылымда мемлекеттік сатып алу туралы хабарландырудың суреті де жарияланған.
Бір қарағанда, бұл кәдімгі мемлекеттік тапсырыс сияқты көрінеді, бірақ ең қызығы техникалық сипаттамада. Құжаттарда сағаттар жұқа алтын қабатымен қапталуы керек деп көрсетілген, ал бауы міндетті түрде бұзау терісінен болуы керек.
Техникалық сипаттамаға сәйкес:
- Механизмі – жапон немесе швейцариялық сападан төмен болмауы керек, кварцтық тип.
- Корпусы толық PVD gold (алтын) жабынымен (титан нитриді + 10 микрон алтын).
- Артқы қақпағы – тот баспайтын болаттан.
- Сағат соққыға төзімді, әйнегі – сызатқа төзімді минералды.
- Су өткізбейтіндігі – кемінде 5 АТМ.
- Циферблаты – ақ эмаль, араб цифрлары, диаметрі 30 мм-ден кем емес.
- Бауы – бұзау терісінен, антиаллергенді жабынмен, қара немесе қоңыр түсті.
- Әрбір сағат данасы полиция департаментіне 11 000 теңгеге түседі. Әйелдерге арналған 80 сағаттың құны 880 000 теңгені, ал 100 ерлер сағаттары – 1 100 000 теңге.
Тағы бір талап – ерекше қаптама:
- Сағаттар қара немесе қызыл түсті былғарыдан жасалған, жылтыр қаптамада болуға тиіс.
- Әр сағатқа паспорт пен сертификат қоса беріледі.
- Артқы жағында "ҚР ІІМ" логотипі мен "МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ" деген жазуы бар лазерлік гравировка болуы тиіс.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мұндай сағаттар департамент тарапынан мерекелерде ерекше көзге түскен қызметкерлер мен ардагерлерге сыйлық ретінде берілетінін айтты. Редакцияға берген сұхбатында шенділер осы сувенирлердің суреттерін жіберіп, олардың ешқандай ерекшелігі жоқ екенін мәлімдеді.