Алтын орданың 750 жылдығы туризмді дамыту тұрғысынан тойланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялағанда осылай мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Туризмді дамытуға айрықша мән беріледі. Әсіресе экологиялық және этнотуризмге экономиканың маңызды бағыты ретінде көңіл бөлінуі тиіс. Алтын орданың 750 жылдығы туристердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің табиғатына аудару тұрғысынан тойлануы керек», - деді Президент.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 24 тамызында өткен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар жұмыс жасалу керектігін атап өткен еді. Президент Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуды ұсынды. Оның айтуынша, Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді.