Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Алматы облысында "Алтын Орда" базарының бұрынғы атқарушы директоры сотталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kzке сілтеме жасап.
Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі "Алтын Орда" базарының бұрынғы атқарушы директоры Ермек Марқабаевқа қатысты үкім шығарылғанын хабарлады. Оған 296-баптың 4-бөлігі "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бойынша айып тағылды.
Сот мәліметінше, былтыр жазда Алматы - Бішкек тасжолында полиция қызметкерлері артқы жолаушылар орындығында сотталушы отырған автокөлікті тоқтатқан. Жеке тінту кезінде оның ішінде ұнтақ зат бар байлам табылып, тәркіленді. Сот-химиялық сараптама нәтижелері бойынша бұл зат психотропты зат болып шықты - салмағы 1,796 грамм болатын мефедрон.
Прокурор сотталушыны кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамай, айғақ беруден бас тартты.
"Сот жаза тағайындау кезінде сотталушы М.-ның баласының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.
Қылмыстық жауаптылықты немесе жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімі бойынша, М., ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Еске салайық, Ермек Марқабаев 2023 жылдың маусымда "Алтын Орда" маңында ұсталған болатын. Содан кейін полицейлер тінту кезінде одан ұнтақ пен тапанша табылғанын хабарлады.