14 там, 2017 сағат 12:55

«Алтын белгі» иегерлері үшін қосымша гранттар бөлінді

ҚР Білім және ғылым министрлігі бөлінетін гранттардың санын 4 процентке көбейтті. Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен брифингте ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қолданыстағы заң бойынша «Алтын белгі» иегерлері артықшылық құқығына сәйкес гранттармен қамтылуы керек. Сол себепті республикалық комиссия аталған санаттағы абитуриенттерге университтердің, ҚР БҒМ мен Денсаулық сақтау министрлігінің қаржысы есебінен грант бөлу туралы шешім шығарды. Гранттандың саны 4 процентке, яғни 1487-ге көбейді», - дейді Гүлзат Көбенова.

Оның айтуынша, «Алтын белгі» иегерлері грантсыз қалмайтын көрінеді. Сонымен бірге, министрлік заңнаманы өзгерту бағытында жұмыстарды жалғастырмақ.

«Біз келесі жылдан бастап гранттар тек ҰБТ балымен, жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға, ауылдық квота бойынша және өзге санаттарға ғана бөлінетіндей жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», - деп атап өтті ол.

Өз кезегінде Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов бұл мәселе ауыспалы кезеңге сай келіп тұрғанын мәлім етті.

«Медаль иегерлері гранттардан шет қалмайтындай шешімге келдік. Үкімет осы мәселеге құлақ асып, қосымша орындар бөлді», - дейді Рахман Алшанов.