Фото: Almaty.tv
Алматының кейбір көшелерінің тоғысқан тұстарында «вафли» түріндегі жаңа жол таңбалары пайда болды. Бұл арқылы қала әкімдігі көлік қозғалысындағы тығын мәселесін азайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды Ult.kz полиция департаментінің мәліметіне сүйене отырып.
Полиция департаментінің өкілдері атап өткендей, «вафли» жол таңбасы жолдың өткізу қабілетін арттыруға және кептелістердің алдын алуға бағытталған. Мұндай белгілер көлік ағымы жиі болатын қиылыстарға қойылып, жол бөлігі бос болмаған кезде сол аумаққа кіруге тыйым салуды білдіреді.
"Бұл шара көлік жүргізушілері көп жүретін көше қиылыстарына кірген кезде жиі туындайтын жасанды кептелістерді азайтуға бағытталған. Жаңа белгілер көлік қозғалысын ретті және қауіпсіз етуге әсер етеді", - деп атап өтті Алматы қалалық Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Сондай-ақ мәлімет бойынша «Вафли» белгісі қиылыстың шекарасын айқындап, жүргізушілерге алда кептеліс болса, ол жерге өтпеу қажеттігін ескертеді.
«Вафли» белгі қандай нүктелерде орналастырылған?
Полиция басқармасының дерегінше, бұл жол сызбалары Абай даңғылы мен Назарбаев даңғылының қиылысы, Абай даңғылы мен Момышұлы көшесінің қиылысы жәнеТөле би көшесі мен Розыбакиев көшесінің қиылысында орналасқан.
