Алматылықтар көршілес жатқан Қытайдағы жер сілкінісін сезінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жер сілкінісі Астана уақыты бойынша 5:27-те тіркелді. 4 балл жерасты дүмпулерін алматылықтар, талдықорғандықтар және Жаркент тұрғындары сезінген. Зілзаланың ошағы Алматыдан 490 км жерде, ШҰАӨ аумағында болған. Еуропа сейсмологиялық орталығының деректері бойынша, зілзала қуаты 6,4 балды құрады.
ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, қазіргі уақытта апаттан қандай да бір қиранды немесе зардап шеккендер жайлы мәлімет түспеген.
"Осыған ұқсас жерасты дүмпулері Алматыда 2011 жылы, ал кейінірек 2013 жылы тіркелді. Екі жағдайда да жер сілкінісінің магнитудасы шамамен 4-5 баллға тең болды", - деді Әнуар Боранбаев.
Сондай-ақ, "Сейсмология институты" ЖШС директорының айтуынша, бұл магнитуда қалыпты деп саналады.
"Мұны "жойқын" жер сілкінісі деп айтуға болмайды", - деп түсіндірді Боранбаев.
Еске сала кетейік, Қытайдың Сычуань провинциясында жергілікті уақыт бойынша 21.19-да 6,5 балдық жер сілкінісі тіркелген. Шамамен 12 адам табиғи апаттың құрбаны болды, зардап шеккендер саны 175-ке жетті.
28 адам ауыр хәлде жатыр. Іздеу-құтқару операцияларына құтқарушылар мен дәрігерлер ғана емес, ҚХР қарулы полициясының 1300-ден астам қызметкері ат салысуда.
Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша 21.19-да (Астана уақыты бойынша 19.19-да) Нгава-Тибет-Цян автономды округының Цзючжайгоу уезінде болған. Содан кейін 100-ден астам афтершок тіркелді.
Жойқын жерасты дүмпуі салдарынан Цзючжайгоу ұлттық паркіндегі "Тяньтан" қонақ үйі қирады, онда 2 мың турист тұрып жатқан. Ғимараттан 500 адам қауіпсіз жерге шығарылды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Қытайдағы жер сілкінісінен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ.