Алматылық «Қайрат» футзалдан Қазақстан суперкубогының иегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Суперкубок ойындары елордада өткізілді. Кездесуде алматылық «Қайрат» командасына «Атырау» қарсылас атанды.
Ойын барысында алматылық клуб тізгінді өз қолына алуға тырысты. Қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде қарсыласын 5:2 есебімен тізе бүктірді. Осылайша, Қазақстан суперкубогына ие болды.
Айта кетсек, «Қайрат» мұндай нәтижеге алтыншы мәрте қол жеткізді.
Еске салсақ, алматылық клубтың ойыншыларының басым бөлігі биылғы әлем чемпионатына қатысты. Онда жалпы есепте төртінші орынға тұрақтап, ұлттық құрама тарихында жоғары нәтижеге қол жеткізіп қайтты.