«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алматылық кәсіпкерлердің www.infokazakhstan.kz сайтына өтінімді уақытында тапсыруға үлгермей жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Бас санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 14 тамыздағы №47 қаулысына сәйкес жұмысты бастауға рұқсат алу үшін кәсіпкерлік субъектілердің барлығына электронды цифрлық қолтаңба арқылы www.infokazakhstan.kz сайтынан тіркеуден өту қажет.
Кәсіпкерлердің порталға көптеп кіруі мен электрондық цифрлық қолтаңбаны алу кезіндегі қиындықтар салдарынан кәсіпкерлер уақытында өтінім беруге үлгермей жатыр.
«Егер рұқсат етілген қызмет түрін жүзеге асыратын кәсіпкер infokazakhstan.kz порталында тіркеусіз жұмыс жасаса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Сонымен бірге ол белгіленген санитарлық талаптарды сақтауға міндетті. Егер мониторингілік топ кәсіпкерлердің порталда тіркеусіз жұмыс жасайтындығын анықтаса,СЭС органдары infokazakhstan.kz порталында тіркелу қажеттілігі туралы тиісті ұйғарым шығарады», - дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.
Сонымен қатар, ол талапты орындамаған жағдайда әкімішілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
«Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 5 айлық есептік көрсеткіш, лауазымды тұлғалар үшін 15 АЕК, шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 100 АЕК. Орта бизнес үшін - 200 АЕК, ірі бизнес үшін - 500 АЕК»,– деп толықтырды спикер.