видео кадры
Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт шықты. Салдарынан 13 адам қаза тауып, 3 адам ауруханаға жеткізілді. Хостелде тұрған Арсен Асаубеков оқиға қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Арсен - студент, қазіргі таңда Қостанай қаласында оқып жатыр. 13 желтоқсанда басталатын емтиханға дейін осында болуды жоспарлаған.
"Негізі таңғы 4-5-те ұйықтап қалатынбыз. Бүгін одан ертерек 2-де ұйықтадық. Құлап қалған екенмін, мені оятты. Артымыздан итеріп, еңкейіп далаға шықтық. Дәліз түгелдей жанып жатты. Қатты шошып кеттім, не болғанын білмедім. Бір бөлмеде 5-6 адам болдық. Қасымдағы 15 жастағы бала қайтыс болды", - деді ол.
Оның айтуынша, барлық құжаты телефонда қалған.
"2-3 күн ішінде біз матрастарды төменге түсіруге көмектестік. 15-16 бөлмеде матрастар болған. Солар жанып кеткен сияқты, нақты білмеймін. Біз 0-қабатта болдық. 0-қабатқа түскенде сол жақта ас үй, 1-бөлме және холл, 2-бөлмеде мен тұрдым. Одан кейін шығатын дәліз еді. Арғы жағындағы басқа бөлмеде де адамдар болды. Бірақ оларға шығуға мүмкіндік болмады. Мені оятқан бойда бірден далаға шықтым. Қолымда ештеңе болмады. Ішкиіммен атып шыққан едім. Киімдерді осы жақтағылар берді. Құжаттарымның бәрі телефонда еді. Телефоным іште қалды", - деді ол.
Еске сала кетейік, 30 қарашада таңертең Алматыда Әди Шәріпов көшесіндегі хостелде өрт шығып, алдын ала мәлімет бойынша 13 адам қаза тапты.