12 ақп, 2026 сағат 17:34

Алматыдағы бұрынғы «Жетісу» қонақүйінің ғимараты қалпына келтіруге жатпайды – әкімдік

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласының әкімдігі Гоголь көшесі мен Достық даңғылының қиылысында орналасқан, 1908 жылы салынған екі қабатты бұрынғы «Жетісу» қонақүйі ғимаратының бұзылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қалалық мемлекеттік активтер басқармасының мәліметінше, аталған нысан тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енбеген және тарихи-мәдени мұра объектісі мәртебесіне ие болмаған.

Әр жылдары бұл ғимаратта қалалық қызметтер мен полиция пункті орналасқан. 2022 жылдан бастап нысан техникалық жағдайының қанағаттанарлықсыз болуына байланысты іс жүзінде пайдаланылмаған. 2025 жылы жүргізілген техникалық тексеру қорытындысына сәйкес, ғимарат апатты деп танылып, оны қалпына келтіру мүмкін еместігі анықталған. Осыған байланысты нысанды бұзу туралы шешім қабылданған.

Қазіргі уақытта жер учаскесі мемлекеттік жер қорына берілген.

Айта кетейік, «Жетісу» қонақүйінде 1920 жылдардың соңында Лев Троцкий отбасымен тұрған. Сондай-ақ мұнда композиторлар Евгений Брусиловский мен Сергей Прокофьев және өзге де белгілі тұлғалар аялдаған.