Фото: Nur.kz
Алматы қаласында ауа сапасын бақылау жұмыстары «Қазгидромет» мекемесіне жүктелген. Ведомство деректері — қаладағы ластану деңгейі бойынша жалғыз ресми мәлімет болып саналады, деп хабарлайды Ult.kz Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда Алматы аумағында 16 стационарлық бекет жұмыс істейді. Барлық құралдар сертификатталған, мемлекеттік тізімге енгізілген және толық техникалық тексеруден өткен.
Экология және қоршаған орта басқармасының хабарлауынша, жеке орнатылған датчиктердің немесе калибрленбеген құрылғылардың көрсеткіштері ресми дерек ретінде қарастырылмайды.
24–25 қараша күндері Алматыда «жоғары деңгейдегі ластану» (50 ШРК-дан жоғары) тіркелген жоқ. Алайда кейбір бекеттерде жекелеген заттар бойынша 1,0–2,1 ШРК көлемінде бір реттік шамалы асу байқалған.
Мамандар мұны инверсия, жауын-шашынның болмауы және жылыту маусымының белсенділігі сияқты метеорологиялық жағдайлармен байланыстырады. Ластанудың негізгі көздері — жеке сектор, өндірістік орындар және қалада пайдаланылып жүрген шамамен бір миллион автокөлік. Жалпы шығарындылардың 60%-ы осы көлік құралдарына тиесілі.
Алматы қаласының экологиялық жағдайын бақылау әрі жақсарту бағытындағы жұмыс жалғасуда.
