- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Алматыда қызмет барысында қаза тапқан тәртіп сақшыларының туыстарына және қалалық ІІД бірқатар полицейлеріне орден мен медальдар табыс етілді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шарада ҚР ІІМ орынбасары полиция генерал-майоры Берік Бисенқұлов қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің туыстарына наградаларды тапсырды.
«Тәуелсіздік жылдары қызмет бабын орынбау барысында 837 ішкі істер органы қызметкері мерт болды, 3 мыңнан астамы жараланды. Көрсеткен ерлігі үшін 1100 полицей мемлекеттік наградаға ие болды, өкініштісі, оның 115-іне қаза тапқаннан кейін марапаттары табыс етілді. Полиция капитаны Ғазиз Байтасов пен полковник Қайрат Үмбетов жоғары «Халық Қаһарманы» атағына ие болды», - деді Б.Бисенқұлов өз сөзінде.
Ішкі істер вице-министрі өз баяндамасында Ақтөбе мен Алматыдағы қайғылы оқиғада қаза тапқан жазықсыз жандарға бүкіл Қазақстан көңіл айтқанын, Мемлекет басшысы Ішкі істер органдарының ерлік көрсеткен қызметкерлерін арнайы марапаттағанын жеткізді.
Нақтырақ айтқанда, Елбасы Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен 5 қызметкер, оның 4-еуі қызмет бабында мерт болған, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен 10 қызметкер, оның 6-уы қызмет бабында қаза тапқан, «Ерлігі үшін» медалімен 9 қызметкер және Ұлттық ұланның 2 әскери қызметшісі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Өз сөзінде баяндамашы қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы және жәрдем берілгенін хабарлады.