18 қаң, 2024 сағат 10:55

Өгей қызын ұрып өлтірді деп айыпталған әйел бар кінәні қыздың әкесіне артып отыр

КТК кадры

Алматыда жеті жастағы Каринаны асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деп айыпталған әйел бар кінәні қыздың әкесіне артып отыр. Бүгінгі сотта айыпталушы Балжан Тұрлыбекова өгей қызы туған әкесінің қолынан қаза тапқанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Атышулы іске қатысты кезекті сот отырысында күдікті әйел азаматтық некедегі күйеуін жамандаумен болды. Ол Бәкен Закураевтың қызына үнемі қол жұмсағанын, сондай-ақ ішкілікке құмар болғанын айтты. Каринаны әкесі кезекті рет оңбай сабап, ақыры жеткіншек тілге келместен көз жұмды дейді.

"Карина дәретін жіберіп қойып, әкесі оны жуындыруы керек болған. Мен оған "тек ұрма" дедім. Үй жинап жүріп ваннадан бір дыбыс шықты. Барып қарасам, Карина ваннаның ішінде ісініп, қорылдап жатыр. Жуындырып бөлмеге апарып жатқыздым. Мен тек оны талып қалған екен деп ойладым. Өліп қалады деген ой болмапты", - дейді айыпталушы.

Енді ол "күйеуінің қылмысын жасырмай, әу баста шындықты айту керек еді" деп отыр.

Еске салайық, оқиға былтыр шілдеде болды. Жеті жастағы қыз өгей шешесінен төрт ай бойы таяқ жеп, ақыр соңында миына қан құйылып көз жұмған. Қыздың өгей шешесі әрі өзін қоғам белсендісі ретінде көрсететін Балжан Тұрлыбекова қамауға алынған еді. Қайтыс болған Каринаның әжесі мен өзге де туыстары қыздың туған әкесін де жауапқа тартуды талап еткен.