16 шіл, 2024 сағат 16:33

Алматыда жүк көлігі автобуспен соқтығысып, 9 адам зардап шекті

Сурет: Almaty news

Алматыда 16 шілдеде жүк көлігі аялдамада тұрған №137 автобусқа соқтығысқан. Қоғамдық көлік қатты соққының әсерінен жеке үйдің қоршауына кіріп кетті. Алматы полициясы жол апатының сағат 09:15-те Алматының Наурызбай ауданында болғанын мәлімдеді.

"Жүк көлігінің жүргізушісі Әшімов көшесімен солтүстік бағытта, Шаляпин көшесінің солтүстігінде келе жатып, аялдамаға тоқтаған 137-маршрут автобусына соқтығысқан. Инерция бойынша автобус жол жиегіне шығып, жеке үйдің қоршауына соғылған", – деп хабарлады полиция.


Жол апаты салдарынан тоғыз жолаушы зардап шекті. Жол-көлік оқиғасының басқа да мән-жайлары анықталып жатыр.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендерге қажет тексерулер жүргізіліп жатыр.

"Оқиғадан кейін тоғыз адам №7 қалалық клиникалық ауруханаға тексерілу үшін жеткізілді. Полижарақаттар бөліміне екі адам жатқызылды. Қалған науқастар тексерілгеннен кейін үйлеріне жіберіліп, оларға амбулаторлық ем жазылды", – делінген хабарламада.