Алматыда 43,2 мың шаршы метр аумақтағы жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Биыл 250 мың шаршы метр жол жөнделіп, 97 мың шаршы метр тротуарлар мен 130 бекет алаңдары қайта жасалады. Жол-жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 7 млрд теңге, соның ішінде ағымдағы жөндеу жұмыстарына 1 млрд теңге, тротуарлар мен бекет нүктелерін жөндеуге 500 млн теңге, орташа жөндеу жұмыстарына 5,5 млрд теңге бөлінді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қалалық әкімдіктің хабарлауынша, қазіргі уақытта қала жолдарындағы ақауларды анықтап, жөндеуге 20 бригадасы бар төрт мердігерлік ұйым бөлінген.
Алматы қаласының Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлағандай, қалада ұзындығы 31,27 шақырым болатын 12 магистральді және аудандық маңызы бар 23 көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, ұзындығы 30,75 шақырым болатын 19 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік тапсырыс жарияланған.
Жақын күндері Байтұрсынов көшесі, Тимирязев көшесінен Абай даңғылына дейінгі жол күрделі жөндеуден өтеді. Күрделі жөндеуден өзге бұл учаскеге «Алматы қаласының тұрақты көлігі» бағдарламасы бойынша қаланың велосипед және жүргінші жолы инфрақұрылымын жоспарлау негізінде велосипед жолдарының қондырғылары орнатылады.
Жандосов көшесі, Сайын көшесінен Таусамалы елді мекеніне дейін ұзындығы 2,08 болатын аумақ күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жобада көлік қозғалысы бөлігін 4 жолаққа дейін кеңейту, «Қарғалы» өзенінің бойындағы көпірді қайта жасау, ұзындығы 2 км болатын веложол мен ұзындығы 4 км болатын тротуарлар салу қарастырылған.
Атап өтерлік жайт, биылғы жылы жалпы құны 574 млн теңге болатын 14,7 шақырым арық желісін салу, 57 көшеде 42,2 шақырым арық желісін қайта жасау жоспарланған. Сонымен қатар, аудандық әкімдіктерден ұзындығы 500 шақырым болатын 488 көшеге жаңа арық желілер мен нөсер канализацияларын салу үшін ЖСҚ жасау жөнінде өтініштер түскен.