Алматыда белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлының «Қызыл қар» атты романының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, «Қызыл қар» романының авторы, белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы, бірқатар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, жазушылар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Министр Жұмабай Шаштайұлының өмірде де, көркем әдебиетте де шынайы позицияны ұстанатын азамат, сонымен бірге ел журналистикасының дамуына өз үлесін қосқан журналист екендігін атап өтті.
«Қызыл қар» атты дебюттік шығармасы сонау Кеңес дәуірі кезеңінде жазылып, сол тұста сынға іліккенін білеміз», - деді Аида Балаева.
Автордың айтуынша, «Қызыл қар» романы 1984 жылы жазылған. Кеңес үкіметінің сынына ұшыраған шығарма араға 36 жыл салып жарыққа қайта шықты.
«1984 жылы шыққан болатын, екі айдан кейін Қазақстан компартиясының орталық комитеті үлкен журналистердің жиынында қатты сынады. Себебі, мен мал шаруашылығының қиындығын, малдың қырлғанын, аш қойлар бір-бірінің жүнін жегенін ашық жаздым. Сондықтан, оның таралуына жол бермеді. Аллаға шүкір! Мінекей араға жылдар салып роман болып қайта жарыққа шықты. Мазмұнын жоғалтпай, өзгерістер енгізіп роман етіп шығардым. Бұл жерде екі достың өмірі баяндалады. Яғни, біреуі қой бағып ауылда қалады, екіншісі оқуға түсіп қалаға кетеді. Екеуінің өмірін салыстырмалы түрде көрсеттім»,– дейді Жұмабай Шаштайұлы.
Жазушы Смағұл Елубайдың пікірінше, Жұмабай Шаштайұлы - тума талант.
«Жұмабай Шаштайұлының ерекшелігіне келетін болсақ, ол - қалың халықтың, қазақтың дәстүрлі кәсібімен айналысқан шопанның баласы. Ол сол өмірді суреттеу арқылы қазақ деген халықтың сол кездегі мұң-мұқтажын, кейпін, бейнесін жасады. Оны халықтан бөліп алуға болмайды. Ол - тума талант. Жұмабай Шашатайұлы 70 жасқа абыроймен келді. Туған күні құтты болсын!», – деді.
1000 данамен шыққан «Қызыл қар» романы жуық арада кітапханалар мен кітап дүкендеріне таратылады.